пятница, 3 августа 2007 г.

ШАҚПАҚ ТАС

Х. АНДЕРСЕН
ЕРТЕГІ

Сарбаз жолды бойлап келеді: бір-екі! бір-екі! Арқасында дорбасы, қапталында қылышы; үйіне соғыстан қайтып келеді. Жолда оған мыстан кемпір кезікті – ол сондай сұрықсыз еді: астыңғы ернінің салбырағаны сондай салпылдаған күйі омырауында жатыр.
- Саусың ба, батыр! - деді ол. – Қылышың қандай қаһарлы! Ал, дорбаң қомақты екен! Сондай айбынды көрінесің! Мен сені қазір ақшаға қарық қылайын, қанша қалайды жаның?
- Рахмет, мыстан! – деді сарбаз.
- Көресің бе, сонау кәрі ағашты? – деді мыстан, жақын маңдағы ағашты нұсқап. – Оның іші қуыс. Үстіне шық та, қуыс өзегінен түбіне дейін түс. Одан бұрын мен сенің беліңе жіп ораймын да, сен айқайлап белгі бергенде, мен сені шығарып аламын.
- Ағаштың қуысына не үшін кіруім керек? – деп сұрады сарбаз.
- Ақша үшін! – деді мыстан. – Біліп қой, қуыс арқылы сен үлкен жерасты жолына тап боласың: оны бойлап жүздеген шам жанып тұр, жап–жарық. Сенің алдыңнан үш есік шығады, оларды ашасың, көрнекті жерде кілттері ілулі. Алдыңғы бөлмеге енесің; бөлменің ортасында үлкен сандық болады, оның ішінде ит бар: көздері шай кеседей! Сен бірақ қорықпа! Мен саған өзімнің көк алжапқышымды берем, соны еденге жаясың да, өзің жүгіріп барып итке жармасып, оны алжапқышқа отырғызып, сандықты аш та, керегіңше ақшаны ал. Бұл сандықта бірыңғай мыс ақша; күміс ақша керек болса, келесі бөлмеге тарт: оның үстінде әр көзі диірмен тасындай ит отыр! Бірақ сен қорықпа, оны алжапқышқа қонжита сал да, керегіңше ақшаны ала бер. Ал, алтын ақшаға қарық болғың келсе, оған да қол жеткізесің: үшінші бөлмеге зып бер. Оның ортасындағы сандықта отырған иттің әрбір көзі – шаңырақтай. Оның өзі сондай ит! Сен одан да қорқа көрме, алжапқышқа отырғызсаң, сенде шаруасы болмайды, алтынды көсіп ала бер!
- Иә, жаман болмас еді! – деді сарбаз. – Бірақ ол үшін сен менен не алғың келіп тұр, мыстан кемпір? Менен, сірә,бірдеңе керек болып тұр ғой, шамасы?
- Мен сенен жарты тиын да алмаймын! – деді мыстан. – Тек маған ескі шақпақ тасты әкелсең болғаны, оны менің әжем соңғы рет түскенінде қалдырып кетіпті.
- Қане, жіп байла беліме! – деп бұйырды сарбаз.
- Міне, дайын! – деді мыстан. – Ал мынау – менің торкөз көк алжапқышым!
Сарбаз ағашқа өрмелеп, оның қуысына түсті де, мыстан айтқандай, жүздеген шамдар жанған кең дәлізге тап болды.
Ол алғашқы есікті ашты. Ойпырым–ай! Бөлменің ішінде әр көзі шайкеседей ит отыр екен, сарбазға ырылдай кетті.
- Ой, жарайсың! – деп сарбаз, оны мыстанның алжапқышына отырғызды да, қалтасына мыс ақша толтырды, сосын сандықты жаба салды да, итті үстіне қайта отырғызып, келесі бөлмеге жөнелді. Шіркін–ай! Бөлменің ортасында диірмен тасындай көздері бар ит отыр!
- Неменеге бақыраясың? Көздерің талады ғой! – деді де сарбаз оны алжапқышқа қонжита салды. Сандықтағы орасан күмісті көрген ол, мыс ақшаларды төге салып, күміске қос қалтасы мен дорбасын толтырды. Сосын сарбаз үшінші бөлмеге беттеді. Ища – ай! Мұндағы иттің көздері дегенің аумаған қос шаңырақ дерсің!
- Құрметтім! – деді сарбаз итке күнқағарымен көзін көлегейлеп. Мұндай итті бұрын көрмеген еді.
Итке ол ұзақ қарап жатпады, алды да алжапқышқа отырғыза салып, сандықты ашты. Сақтай гөр! Қаншама алтын десеңші! Ағыл-тегіл! Ол бұған Копенгаген қаласын, оған қоса саудагерлерден торай кейіпті тәтті біткенді түгелдей, барлық қалайы сарбаздарды, барша ағаш аттарды және дүниедегі қамшы біткенді сатып алар еді! Оның бәріне де мына ақша жетеді! Сарбаз жалма жан қалталары мен дорбасындағы күміс ақшаларды ақтарып тастады да, қалталарын, дорбасын, бөркі мен етіктеріне алтынды сықап толтырғаны сондай, ол ілбіп жүруге шамасы қалды. Бірақ, ақшалы болғанға не жетсін! Ол итті сандық үстіне қайта отырғызды да, есікті тарс жауып, басын көтеріп айқай салды:
- Тарт мені, мыстан кемпір!
- Шақпақ тасты алдың ба? – деп сұрады мыстан.
- Сайтан алғыр, ұмытып кете жаздаппын ғой! – деді де сарбаз, барып шақпақты алды.
Мыстан оны жоғарыға шығарып алды, ол енді жол бойы есін жиды, бұл жолы сарбаздың қос қалтасы мен қос етігі, дорбасы мен күнқағары толы алтын ақша болатын.
- Мына шақпақтың саған не керегі бар? – деп сұрады сарбаз.
- Онда шаруаң болмасын! – деп тыйып тастады мыстан. – Ақшаңды алдың, жетер саған сол! Қане, бол, шақпақты бер!
- Бермесем, қайтесің! – деді сарбаз. – Тез айт, мұның неге керектігін, әйтпесе, басыңды бір-ақ шабармын!
- Айтпаймын! – деп қасарысты мыстан.
Сарбаз алды да, мыстанның басын шауып тастады. Мыстанның өлі мүрдесі сұлап жатты, ал сарбаз оның алжапқышына бар ақшасын орады да, түйіншекті арқасына атып ұрып, шақпақ тасты қалтасына сүңгітіп жіберді де, қалаға қарай алшаң басып кете барды.
Бұл көркем шаһар еді; сарбаз болса, еңселі де қымбат керуен сарайға келіп, ең жақсы бөлмелерді жалдап, өзінің сүйікті астарын алдырды - өйткені, ол енді шіріген бай ғой!
Келгіншілердің аяқ киімін тазалайтын қызметші сондай бай адамның етігінің соншалықты нашарлығына таңырқады, бірақ ол байыған сарбаздың етігін жаңартуға уақыты болмағанын қайдан білсін. Оның есесіне келесі күні ол өзіне сай етікті де, қымбат жейдені де сатып алды. Енді сарбаз нағыз шонжар болып шыға келді. Оған енді шаһардағы небір қызықты жайттар мәлім бола бастады, патша туралы да, оның ару қызы жайында да әңгімелер аян болды.
- Ол қызды қалай көруге болады? – деп шыдамсызданды сарбаз.
- Оны көру мүмкін емес! – деді айтушылар оған. – Қыз биік мұнаралары бар орасан бекіністі сарайда тұрады. Патшадан басқа ол сарайға ешкім кіруге де, одан шығуға да батылы бармайды. Өйткені, патшаға бір көріпкел оның қызының қарапайым ғана сарбазға күйеуге шығатынын болжапты, ал патшаға мұның жақпайтыны белгілі ғой.
«Көрер ме еді, шіркін сол қызды!» - деп ынтықты сарбаз.
Бірақ оған кім рұқсат етсін?!
Сарбаз енді көңілді күндерді бастап кеп жіберді: театрларға барды, патша бағына барып аунап-қунады, кедей–кепшікке ақша үлестірді. Әрине, ол кедейліктің қандай екенін қалтасында бір тиыны болмаған кездері бастан кешкен. Енді ол таңдап киініп, талғап ас ішетіндей ахуалда жүргенде достарды да тауып үлгерді. Олардың бәрі оны жомарт жігіт атап, мақтайтын болды; мақтау оның жанына сондай жаға бастады. Сөйтіп жүріп ол ақшасын түгесті, қалтасында небәрі екі түйір мәнет қалды! Оған енді жайлы бөлмелерді тапсырып, шатырдағы тап-тар бөлмеге ауысып, өз етігін өзі тазалап, жыртығын бүтіндеуге тура келді; оның қаптаған достары бұрынғыдай келуді де доғарды – шатырға шығудың өзі сондай қиямет еді!
Бірде кешқұрым, сарбаз өзінің бөлмешігінде отырған-ды; күн болса батып, қас қарайды, ал оның майшам алуға да ақшасы жоқ еді; сарбаздың ойына мыстан түсірген жер астынан алған шақпақ тастар түсті. Ол шақпақ тасты бір біріне үйкеп қалғаны сол еді, есік айқара ашылып, қарсы алдында жер астында алғаш көрген көздері шайкеседей ит пайда бола кетті.
- Не бұйырасыз, мырза? – деп үріп қоя берді ол.
- Мынау қызық болды – ау, өзі! – деп таңырқады сарбаз. – шақпақ тастың сиқыры болды-ау; енді мен не тілесем сол болмақ! Әй, қане маған ақша әкел! – деді ол итке. «Бір!» дегенде – ит көзден ғайып болды да, «екі!» дегенде пайда бола кетті, ауызына тістеген әмиян мыс мәнетке тырсиып тұр! Сарбаз шақпақтың сырын енді ұқты. Шақпақты шағып қалсаң – мыс ақшаға толы сандық үстіндегі ит пайда болады; екінші шаққанда – күміс толы сандық үстіндегі ит; үшінші рет – алтын үстіндегі ит жетіп келеді екен.
Сарбаз тағы да жайлы бөлмелерге жайғасты, сәнді жейде киіп еді, сол бойда бұрынғы достары оған тағы да үйір бола кетті.
Бір күні оған мынадай ой келді: «Патшайымды көре алмау не сұмдық. Жұрт қызды сондай сұлу дейді, одан не пайда? Мұнаралы биік дуалмен қоршалған жез сарайда отырып қартайып бітеді ғой сорлы қыз. Мен неге оған көз қиығыммен де қарай алмаймын? Қанеки, менің шақпағым қайда?» Ол шақпақты үйкеп қалып еді, сол сәтте көздері шайкеседей ит жетіп келді.
- Қас қарайып, түн болды – деді сарбаз. – Бірақ менің патшайымды көруге аңсарым ауып тұрғаны, бір мезетке болса да көрсетші!
Ит есіктен ұзағаны сол еді, сарбаз ес жиып та үлгермеді, ит патшайыммен бірге пайда болды! Патшайым иттің арқасында қаннен қаперсіз ұйықтап жатты. Қыз сипаттауға сөз жетпейтін сұлу еді; кез келген жан оның нағыз патшайым екенін білер еді; сарбаз шыдай алмай оны сүйіп алды, - қанша дегенмен сарбаз аты бар ғой.
Ит дереу патшайымды әкелген жағына алып кетті; ертеңгісін шай үстінде патшайым бүгін түнде көрген керемет түсін әңгімелеп, ит пен сарбазды көргенін айтты: өзі итті мінгенін, ал сарбаздың мұны сүйіп алғанына дейін жасырмады.
- Мынау қызық түс екен! - деді патшаханым.
Келесі күні патшайымның төсегіне қатарласып нөкер кемпір жатқызылды – ол қыздың көргені түс пе, әлде басқа ма, соны айыруға тиіс.
Ал сарбаз тағы да ару патшайымды көруге өлгенше құмартты. Сонымен түнгісін тағы да пайда болған ит, патшайымды арқасына салып ала жөнелді, су өтпейтін етік киген кемпір болса, ит соңынан қуа кетті. Патшайымды арқалаған иттің еңселі бір үйге кіргенін көрген ол ойлады: «Енді оларды табу маған қиын емес!» - деп жерден бір кесек борды тауып, ол үйдің қақпасына айқастыра белгі сызды да, жайбарақат жатуға үйге қайтты. Бірақ патшайымды кері әкелерде ит айқас белгіні көріп қойды да, қаланың барлық үйлерінің қақпаларына айқастап сызып шықты. Оның бұл амалы сондай қитұрқы еді: енді нөкер кемпір қажетті қақпаны таба алмайтын болды – айқасқан сызықтар бар қақпада ағарып тұрды.
Ертесіне ертемен патша әйелімен, нөкер қария және барлық сардар шұбырып жүріп, түнде патшайымның қайда барып келгенін көруге шықты.
- Мында келіпті! – деп айқай салды патша, алғашқы айқыш белгісі бар қақпаны көре сала.
- Жоқ, батырым, мында кіріпті! – деп қарсыласты патшаханым, басқа қақпадағы айқышты байқап қалып.
- Ойбай, мында да айқыш белгі, мында да! – деп шуласты басқалары, барлық қақпалардағы қаптаған белгіні көріп. Ақыры олар түк бітіре алмасын білді.
Алайда, патшаханым күйме мініп шалқып қана жүретін емес, ақылды да әйел болатын, ол үлкен алтын қайшыны алды да, жібек матаны жапырақтап турап, одан кішкене ғана қалта тікті де, оған қарақұмықтың дәнін толтырып, қалтаны патшайымның арқасына байлап қойды. Қалтаны аздап тесіп қойды, одан патшайым ит мінгенде іздетіп дән түсетін болды.
Түнгісін ит тағы да патшайымды арқасына салып алып, сарбазға ала жөнелді; сарбаздың патшайымды ұнатып қалғаны сондай, қайтсе де оған үйленгісі келді.
Ит болса, өзінің соңынан сарайдан бастап сарбаздың терезесіне дейінгі жол бойы қарақұмық дәнінің ақтарылғанын байқамады. Ертеңгісін патша мен патшаханым патшайымның қайда барғанын бірден білді де, сарбазды абақтыға жапты.
Абақты дегенің, сондай қараңғы да қапас әрі іш пыстырар пәле екен! Сарбазды оған кіргізді де: «Ертең сені ертеңгісін дарға асады!» - деді. Мұны есту оған ауыр еді, ал шақпағын ол керуен сарайдағы бөлмесінде қалдырған.
Ертеңгісін сарбаз кішкене ғана терезешікке таяу келді де, темір тордың арасынан көшеге көз салды: жұрт болса, сарбазды дарға қалай асатынын көруге қала сыртына шұбыруда, дауылпаз соғылып, сап түзеген жасауылдар өтуде. Барлығы да асығулы, жүгіріп барады. Былғары алжапқышы бар етікші бала да аяғы аяғына жұқпай барады. Бір кезде оның бір аяқ киімі шешіліп кетіп, сарбаз сығалап тұрған терезешігі бар қабырғаға дәл соқты.
- Әй, сен сонша қайда асықтың? – деп айқайлады сарбаз балаға. – Менсіз бәрібір іс бітпейді! Онан да, мен тұрған бөлмеге барып менің шақпағымды алып келсең, төрт мәнет аласың. Қане, тездет!
Балақай болса, төрт мәнет ақша алуға кет әрі емес еді, ол шақпақ тасты әкелуге атылған жебедей зулады... Енді қызықты одан әрі тыңдайық!
Қала сыртында орасан дар ағашы болатын, оны айнала сарбаздар мен мыңдаған қала тұрғындары қоршап тұрды. Патша мен патшаханым қазылар мен патша кеңесшілеріне қарсы орналасқан жайнаған таққа жайғасыпты.
Сарбаз болса, тұғырда тұрды, оның мойнына енді ғана жіп салмақ еді, бірақ ол қылмыскерді қазаламас бұрын, оның соңғы тілегі тыңдалатынын ескертті. Ол болса, соңғы рет шылым шекпек еді - қанша дегенмен ол мұның бұ дүниедегі ақырғы тілегі емес пе!
Патша болса, оның бұл тілегіне қарсы бола алмады, сарбаз болса, өзінің шақпағын шығарды. Ол шақпақты бір, екі, үш рет үйкеп қалып еді – оның қарсы алдынан шайкеседей көзді ит пен диірмен тасындай көзді ит және шаңырақтай көзді ит қатарласып, бірінен бірі өткен үш ит пайда бола кетті.
- Ал, қане, маған тұзақтан құтылуға көмектесің! – деп бұйырды сарбаз.
Иттер болса, қазылар мен барлық патша кеңесшілеріне бас салды: бірін аяғынан, енді бірін мұрнынан алып лақтыра бастады, іліккені оңбай түсіп жатты!
- Жетер! – деп айқай салды патша, бірақ иттің ең ірісі өзі мен патшаханымға жармасты та, екеуін де әлгілердің соңынан шыйырып жіберді. Сарбаздардың үрейі ұшып, жұрт шулап қоя берді:
- Батыр, сен бізге патша бол да, патшайым сұлуға үйлен!
Сарбазды жұрт патша күймесіне отырғызды, ал үш ит оны айнала «уралап» билеп жүр. Балақайлар болса, саусақтарын ауыздарына салып ысқыра жөнелді, ал сарбаздар қолдарын күнқағарларына таяп құрмет көрсетті. Патшайым өзінің жез сарайынан шықты да, нағыз патшаханым бола қалды. Некетой бір аптаға созылды; тіпті, бадырайған көздері бір бірінен өткен сарбаздың иттеріне де дастархан басынан орын тиді.

Комментариев нет: