четверг, 2 августа 2007 г.

Қазақ өнері заманилануға зәру

Қазіргі заманда мәдениет пен өнер мемлекет тарапынан болсын, қоғамдық тараптан болсын жаңаша ұйымдастыру қабілетіне иек артады. Осы жағынан қарағанда Қазақстанның мәдениет пен өнерді сүйемелдеуші мемлекеттік органы ескі Кеңестік жұмыс істеу тәсілі мен тұжырымдамасынан бас тарта қойған жоқ. Қазіргі аймақтық мәдениет басқармалары жергілікті жерлерде өнер мен өнерпаздарды белгілі бір саяси конъюктура тұрғысынан ғана сүйемелдеуде және сол тұрғыдан ғана көңіл бөлуде. Бұл саланы заман талабына сай түрлендіру базалық жағынан әлі ойластырылмай отыр. Айталық, мәдениет ошақтарының төменгі буын қызметкерлерін даярлауда қазіргі замани қажеттілік болып табылатын мәдениет пен өнер продюсері, менеджері, тіпті би кештерін жүргізетін ди-джей мамандықтары әлі күнге салиқалы мамандықтар сапынан табылмай отыр. Елдегі бар бұл мамандардың барлығы дерлік әуесқойлық деңгейде бет-бетімен дамуда.
Керісінше, бұл жағдайды бетімен жіберген ресми мәдениет саласы қолда бар мәдени әлеуетті Кеңестік көркемөнерпаздық деңгейде ғана үгіт-насихат құралы ретінде саябақтар мен алаңқайлардың ермегі етуден әріге дамыта алмауда. Осының кесірінен бір жағынан, әсіресе қазақы ортада мәдениет пен өнердің замани өрістету тетігінің көзін білмеу және игере алмау, тек қана бюджеттік және мемлекеттік қолдауға сүйену көріністері орын алуда.
Жасыратыны жоқ, облыстық, қалалық, аудандық деңгейлердегі мәдениет департаменттері жергілікті мәдениет пен өнерді ресми әкімшіліктің қолжаулығы болудан әріге жеткізе алмауда.
Қазақы ортаның өнерді замани түрде өрістете алу мүмкіндігінің жоқтығынан Қазақстанның ірі қалалары қазақы ділді адам үшін жатырқау нысанына айналған. Бұл қалаларда продюсерлікті ерте меңгеріп алған орыстілді орта өз «билігімен» қыр көрсетуде. Бұған Алматы, Астанадағы ебропалық өнер үлгілерінің жиындары мен салтанаттарының бой бермеуін көреміз, бұл қазіргі жағдайда дамымай қалу қаупі бар ұлттық өнерге екінші сұрыпты көзқарастың қалыптасуына ықпал етуде. Тіпті, далалық ерекшелігі мен көшпенділік сипаты қазақы өнер қазіргі кезде өзіне тән аренаға ие бола алмай отыр. Соның кесірінен ауылдан келген орта ғана ұлттық өнер мен мәдениетке бет бұрып, қалалық болған қазақтар ебромәдениеттің тұтынушысына айналып, ұлттық өнерді дамытатындай жасампаздық қасиеттен жұрдай болуда. Бұл үрдіс барған сайын рок, поп, джаз, опера мерекелерінің мегополистерге еркінси еніп, Қазақстан шоу-бизнесінің басты субъектілеріне айналуда. Оның есесіне, адамзаттық өнердің төресі болып табылатын айтыс қағажу болуда, ал ебропалық елдердің таңқала қызықтайтын жыр өнері отбасылық ермек болумен шектелетін түрі бар.
Қазақ халқының сөз бен саз өнері негізінен импровизацияға негізделген. Бұл жағынан алғанда мұны далалық көшпенділіктің өнердің басты ұстанымы дей отырып, батыстың искусствосынан(«өнер» сөзінен әдейі ерекшелей атап отырмыз) гөрі ерекшелейтін қасиетін атаған жөн. Отырық өркениеттің искусствосы адамның айналасына қарым-қатынасынан туындаса, далалық өнер адамға КӨКтің немесе ғарыштық құдіреттің ықпалынан өнеді. Сол себепті де қазақ халқы өнерді Жаратқанның сыйы деп қабылдап, өнер иесін сол құдіреттің қадесіне жараушы ретінде қадірлейді. Сондықтан да көшпенділер өнері мен адамның арасында сахна жоқ, кулуар секілді қуыс-қолтықсыз, делдалсыз, өнердің туу сәтінен бастап, оның орындалуына дейінгі барлық процесс тұтынушысының көз алдында ашық өтіп жатады. Бұл жағынан алғанда, қазақ өнерінің демократиялық сипаты бар өнер, бірақ искусство емес. Өйткені, искусство адамға ғана тән болса, импровизация Көктің төрінен «тартылатын» және «өнетін» құдіреттің бір бөлшегі болып табылады. Сол себепті де, далалықтар саз өнеріне қатысты «тарту» ұғымын пайдаланады: домбыра тарту, қобыз тарту, сырнай тарту. Мұның түбінде саз сарынын Көктің төрінен суыртпақтап тарту процесін тұщыну жатыр. Бұл жағынан қарағанда далалықтардың өнер турасындағы түсінігі отырықшылардан әлдеқайда жоғары. Себебі, отырықшы халық саз аспабымен «ойнайды»: «играть на гитаре», «играть на балалайке», т.б. ұғымдары осыны көрсетеді. Олар үшін өнер - өнер емес, искусство, адамның қолынан жасалатын шығармашылық өнім. Ал, өнер - бұл Дала мен Көкті жалғайтын импровизациялық процесс, қазіргі отырықтанған қазақтардың мұндай өнерге ие болуы аса сирек. Оған себеп - адамның кеңістікте бір ғана қоныспен шектелуі, адамды қоршаған ортаның ғарышпен қатынасына кедергі келтіріп, құдіретті өнерді қабылдауға қажетті бойдағы қабілетті тежеуі.
Осыған орай көшпенділер хақындағы мына жайтты ашып кеткен жөн. «Көшпенділер» термині дұрыс па? Жоқ. Өйткені, «көшпенді» сөзі көш процесінің салдарын білдіретін ғана ұғым. Дәл осындай белгілі бір процестің салдарын жеткізетін алқынды, шайынды, қосынды, азайтынды, көбейтінді секілді сөздерді тізе беруге болады, бірақ олардың бәрі бірдей жағымсыз мағынаға ие емес. Демек, көш процесін үздіксіз бастан кешетін халықтарды «көшпенді» деу дұрыс болмайды. Шын мәнінде көшпенді халықтар деп жүргеніміздің өзі үнемі көше беретіндер емес, олардың жатаққа айналуы да, отырық елге сіңуі де оңай болған, тіпті көшпенділер егіншілікпен де, қала өмірін бағындырумен де, бірнеше қалалардың экономикасын бақылаумен де айналысқан. Әсіресе, көшпелі халықтар үшін Туған жер ұғымы кие болып табылады және ол Бұдүниедегі темірқазық ұғымымен тең категория. Әрине, «көшпенділер» ұғымы шын мәнінде отырықшылар тарапынан далалықтарға таңылған атау.
Демек, «көшпенділер» деп сыған секілді, бір кеңістіктен екінші бір кеңістікке өтушілерді атаған жөн. Ал, біртұтас Дала атты кеңістікте қыдырып жүріп өмір сүру тәсілін меңгерген далалықтарды көшеген (алаған, береген, жетіген, қашаған, көреген т.с.с) деу барынша әділ деп ойлаймыз. Бұл жағынан көшегендер ғарышты біртұтас кеңістік ретінде, ал Жер шарын сол кеңістіктің бір бөлшегі ретінде қарастырады да, адам өлгенде сол кеңістікте бір күйден (пендеден) екінші(аруаққа) бір күйге өтеді деп санап, келген жағына қайтты деген түсінікпен өмір сүреді. Далалықтар үшін біртұтас өмірдің Бұдүниедегі тірлігі жалған да уақытша, Одүниедегі көрінісі шынайы да мәңгі. Осы жағынан алғанда далалықтар Бұдүниеге қыдырып кету үшін келетіндей өмір сүреді.
Осы жағынан алғанда қыдырушы да көшеген қазақтың өнері искусствоға жатпайды, Жаратқанның көңіл-күйі іспетті шынайы процесс туындысы, сонысымен табиғи жер қойнауындағы кен секілді «олпы-солпы», сонысымен табиғи да пәк өнер. Сондықтан да қазақ өнерін тудыру үшін кулуар да, сахна да керек болмаған, керек болған бір нәрсе ол - өнерпаз бен тамашалаушы ортаны біртұтас ететін бірыңғай аудитория ретінде, ғаламдық моделдің аян қабылдаушы үлгісі - киізүй болса жеткілікті болған. Өйткені, екі дүние арасында қыдырушыларға айналасы жұп-жұмыр өнер тудыру міндетті болмаған, соған сәйкес оның театр деп аталатын шеберханасы да қажет емес, себебі, далалықтар үшін табиғатты жатсыну ұғымы жоқ, кеңістік пен уақыт көшеген халықтың төсегі мен шапаны іспетті, бұларға кіріптар емес мүддемен қараған. Сондықтан да қазекең жерді меншіктемеген және уақытпен санаспаған; бұйырған Жерді жерсініп, сәті түскен Уақытқа икемделген. Бұл қасиет қазірге дейін қазақтың бойынан ада болған жоқ.
Қазақ өнерінің ғаламдық туындылық қасиеті оны ғарыштық жағымды қуат әкелуімен ерекшелейді. Осылайша ғарыш моделі – киізүйдегі өнер Көктен «өндірілген» күйінде сол бойда импровизациялық процеспен адам бойына делдалсыз сіңірілген. Мұндай саф өнер өзінің жағымды қуат тасымалымен киелі. Жағымды да жасампаз тірі қуатты қазақ кие деп атайды. Кие неғұрлым Далаға еркін тараса, соғұрлым оның жасампаздық ықпалы зор болған, Дала құтханаға, ал киізүй храмға айналған.
Қазіргі кезде Кеңес заманынан бастау алған қазақ өнерін ебропалау дәстүрі оны «театрландыруды» бастан кешіруде. Сондықтан да айтыскерлеріміз әртіске көбірек ұқсас, жыршыларымыз болса сахнаға «сыймауда». Сахна біртұтас болып табылатын қазақ өнерінің орындаушысы мен тұтынушысы арасын ажыратып жіберді. Бұл өнерпаздардың бойына жағымсыз қылық дарытуда. Қазіргі айтыс өнер бұлағы емес, табыс көзіне айналды, бірақ айтыс өзінің мазмұны жағынан бұрынғы деңгейге жете алмай келеді. Жыр мен терме тек қана фольклорлық маңызы бар дүние ретінде тамсандыруда. Қазақ өнері үшін бұл жеткіліксіз. Аталмыш өнер түрлері фольклорлық шеңберден шығып, қазіргі заманның классикалық (қадырлы) өнер нұсқаларына айналуы қажет. Ал, ол үшін сол өнердің табиғатына сай жағдай жасалғаны жөн. Қысқасы, қазақтың төл өнерлерін сахнадан шығарып, халықтың ортасына қойып, ежелгі өнер процесін өз деңгейіне шығару қажет. Бұл жағдай аталмыш өнерді фольклорлық ауқымнан шығарып замани келбетке келтіру мен өнердің төл сипатына сай жағдай жасауды талап етеді. Бұндай өнержайдың қажеттігі қазақ өнерін өзіне сай «көшпелі әлемге» орнықтыру проблемасынан шығып отыр. Өнержай қазақ өнерін насихаттауды ұйымдастыру мен оған жайлы жағдай жасауға арналған. Бұған көрермендерге өнерді 2-10 сағат бойы қызықтау мүмкіндігі жасалған жайлы орындық пен кіріп-шығу мүмкіндігі ыңғайлы, акустикасы табиғи және ауа алмасуы үздіксіз ғимарат керек. Яғни, қазақы өнерді сахнадан құтқару мәселесін күн тәртібіне қоятын уақыт жетті.
Осылайша Өнердің өзіне тән әлемін жасақтау күн тәртібінде тұр. Себебі, қазақтың сағаттап көсілетін айтысына, жырына, термесіне сәйкес арнайы өнержай қажет, қазіргі ебропалық ғимарат тұрқы қазақы өнердің киесін кетіріп, рухын түсіріп, кеудесін қысуда.

1 комментарий:

TOO комментирует...

Jaksy makala eken. Oner jaily baska kandai oilarynyz bar?