пятница, 3 августа 2007 г.

АҚТӨБЕМЕН СЫРЛАСУ

(Монолог орнына)

Жапырақ – жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола, бастасаң
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?


Ұлы ақын Мұқағалидың қайыңға айналғысы келгенін естіген талай жұрт ерсі көрген болар. Ал, менің қалаға айналғым келетінін естісе, масқара, нағыз ерсі сол болатын шығар, Ақтөбем! Солай ма?
Шынында да сен мен болып, мен сен болып көрсек қайтер еді, ең болмаса 15 минутке ғана. Сонда сен адамның орда бұзар 30 жасына түсер едің де, мен сенің жасыңа келіп, мына дүниеге ғасырдан асқан куәгер болып, байқар едім…
Жарайды… ол мүмкін емес.
Арайлы, Ақтөбе!
Қарсы болмасаң, өне бойыңды аралап жүріп бүгін бір сырласып көрейікші. Бас аяғы бес- алты жылдың ішінде қаншама өзгеріс болды, ә!
Мысалға, мына қала әкімінің ордасына маңдай тіреп, батысқа қарай созылып жатқан бұрынғы Коммунист көшесі қазір қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин есімін иеленіп жатыр. Жарықтықтың әруағы бір риза болып, саған иек артатын әруақтар санының көбейгеніне сен де марқайып қалған боларсың. Бірақ, сен де, мен де түсінбейтін жайттар баршылық ә!
Мысалға, Ленин атаға Кеңестік кезеңде бір емес екі көше беріп қойғанымыз естір құлақ түгел, әруаққа айналған сол кісінің өзі де одүниелестерінен ыңғайсызданған шығар – ау. Ол аз болғандай, ол кісінің ескерткішін сенің көрнекі жерлеріңде құлпытас қойғандай қоя беріппіз, қоя беріппіз. Құлпытастың көкесі ретінде бүткіл бір көшенің қазақ халқының атына қойылғанын айтсақ. Бойында жиырма шақты үй бар Қазақ көшесі сол халық жойылып кеткеннен кейінгі есткерткіш болып қалатындығы алдын ала ескерілді ме екен?! Бірақ бір жағынан қарағанда дүние жүзінде өаз елінде өаз халқының аты қойылған көшедей мұндай ескерткіш ешбір халықта жоқ, шығар!
Дегенмен де, коммунистік қоғамнан «үйренген» жайттар баршылық… Мысалға сенің братья Коростлевых деген шұбалаңқы аталған көшең бар ғой сол заманнан келе жатқан, міне, біз соған қарадық та, қазақтың тіл білімінің негізін салушылардың бірі Құдайберген Жұбанов пен музыка мәдениетін дамытушы Ахмет Жұбановтың атына бір көше беріп, Ағайынды Жұбановтар көшесі қылдық. Ал, Жұбановтар әулетінің атақтылары көп екенін ескерсек, оларға көше үнемдеу үшін әлгі көшені Жұбановтар әулеті деп атаған дұрыс болар еді.Бірақ, аталар әруағы не деп жатқанын кім білсін… Коммунистік кезде де қателескен жағдайлар бар. Мәселеңки, мынау қызыл әскер тұрпатты мәңгі алау монументі осыдан он шақты жыл бұрын облыстық әкімшілік үйіне қарай шабынып, қылышын жалаңдатып тұрушы еді. Алайда, бұл қызыл батырға қарама – қарсы Ленин атаның Толағайдай тас мүсінін қоюы мұң екен, ол батыр Әлия проспектісінен бір – ақ шықты. Ал, Әлия апамыздың бір уыс бюсті тұрған көшенің Шернияз атаның атында екені белгілі. Тұра берсін, мүмкін рулас шығар… Әйтеуір, ескерткішсіз қалған Шератамыз ренжімесе болды ғой, «Ескерткішің менде, көшең басқа жақта, бұл не қылған бейбастақтық» -деп.
Ру демекші, қазіргі шежіре білмейтіндерге тіпті, рахат болды!
Орталық базарда Жағалбайлының, Некрасов көшесін жатсынбай Ақ кетелердің дүкені орналасса, Табындар Әбілқайыр хан проспектісіне ту тікті. Шіркін, енді кең көшелерге қадалған Казкоммерцбанктың, Халық банкінің, Рика теледидарының жарнама керегесі сияқты, сенің әрбір тұрғыныңның мекенжайына сәйкестіріп, руларын жарқыратып қойса ғой, ешбір қонақүйдің қажеті болмас еді.
Иә, қазақ «елу жылда ел жаңа» деуші еді, қателескен, «бес жылда қала жаңа» деу керек еді. Ол кезде қала болмағандықтан айтпаған ғой. Әйтпесе, қазақтан сөз қалған ба? Жарайды, Арайлы Ақтөбем, кейбір сөздеріме кекесін араласып жатса, кешіргін. Есіңде ме, мынау Орталық ресторан талай салтанатты тойлардың куәсі болғаны. Талай ішістер мен жұдырықтардың да орталығы болғаны рас еді. Ал, қазір сауданың орталығы. Сені қайдам, мен өзім бәрінен бұрын кинотеатрларға жаным ашиды. Олар сендегі ең көрікті, тәкаппар мәдениет ошақтары еді ғой. Талай ғашықтар осыларға келіп, бір – екі кино қарасқаннан кейін үйленіп тынатын еді. Қазіргі ғашықтар бірімен бірі қалай табысады екен?
Иә, қаншама өзгеріс бар, Арайлы Ақтөбем, сенде!
Өзгеріс демекші, сен қала емес, біртұтас базарға айналып кете жаздадың ә? Егер сенің әкімің Елеусін Наурызбайұлы болмағанда «Қоқысхана» аталар ма едің, «Базарқала» атанар ма едің. Базар демекші, бұдан оншақты жыл бұрын дүкендерге сатып алушылар кезегі үзілмейтін еді. Ал, қазір базарда сатушылар кезегі үзілмейтін болады. Дүние кезек деген осы! Оның есесіне әлдекімдер сені «Масқала» атай бастады ма,өзі қалай!? Онысы сенде орналасқан еліміздегі ығай мен сығай арақханаларды меңзегені болар…
Уақыт өткен сайын сенің талай тұрғының кетіп, талайы келіп жатыр. Қаншама жақсылар мен жайсаңдар кетті дүниеден, марқұм Мұхтар Арынов - солардың бірі. Қысыр әңгімеден нақты оқиға қызық болады. Пединститутты біз бітіріп кеткеннен кейін келіп еді. Мұқаң ректор болып. Мен институттан кейін әскери борышымды өтеп келіп, жұмыс іздеп жүрген уақытым. Сол кезде жаңадан келген пединституттың қазақ жаңа ректорын танымаймын. Бірақ, жұрттан естігенім – қазақ баласын маңдайынан сипамай жібермейтін кісі көрінеді. Содан қызыл дипломды алып, пединституттың ректоры жайғасқн Тургенев көшесіндегі ғимаратына бардым. Бірақ, бір күн бұрын мен мынадай оқиғаға тап болған едім. Ол кезде жастар үшін ыңғайлы да арзан такси маршрутты «Рафик» болатын, сол кездегі бағасы 20 тенге емес, 20 тиын. Содан сені аралап жүріп кезекті бір «Рафиктен» түсіп, алдыңғы есігін жаба бергенімде, оң көзімнің астыңғы жағына есіктің жоғарғы ұшы «сарт» ете қалды да, көгеріп шыға келді. Сол көгергенге Мұқаңның көзі еріксіз түсе берді ғой деймін. Сөйтіп, ол кісі дипломға сенгенмен, өзіме сеніңкіремеген түрде жылы сөйлеп кейін келуімді өтініп, шығарып салды. Осылайша, Советтік Риганың таксиінің кесірінен Совет Одағының ғылымдар саны бірге кеміп, ал мен болсам, қазіргі атағы бар да ақшасы аз ғылым кандидаттарының санатынан түсіп қалдым. Бірақ, қай жасқа да рухани әке болатын Мұхтар аға Арыновтың өзіне шақырған кейінгі қолқасына менің тағдырымның сәйкестігі келмей – ақ қойғаны.
Міне, арайлы Ақтөбем, мұндай жайттар сенің әрбір тұрғыныңның басында баршылық шығар. Оның бәрі саған аян. Кімнің жақсы, кімнің жайсаң екені де саған белгілі. Ал, адамдарға мұның қажеті кейін болып жататындығы қандай өкінішті. Саған айтпаған сырымды кімге айтамын. Тағы бір оқиғаны тыңдап жібер. Өзіңе белгілі қазіргі өзің аттас «Ақтөбе» газеті ол кезде «Коммунизм жолы» аталатын еді ғой. Сол газетке мен де қарап жүрмей, шатып – бұтып әлденелер жазып тұрушы едім. Бір қызығы аты – жөнімді атамай, әдірісті көрсетпей, мақалаларды жібере салатынмын. Бір күні, не түрткенін қайдам, үйдің әдірісін жазып жіберіппін. Мүмкін қаламақы- сына қызыққан шығармын. Ол кезде қаламақы кәдімгідей қомақты ақша болатын.
3 – 4 күннен кейін бас редактордың «Волгасымен» енді таныла бастаған Ертай Ашықпаев деген ақын келе қалысы бар ма? Бақсам, көптен әдейі аңдып жүрген бас редактордың сол кездегі бірінші орынбасары Идош Асқаров жіберген екен. «Алып кел» депті. Бардым. Идош аға әрі- бері «ұрсып» алды. «Адам солай мақала жаза ма екен, неге адресіңді көрсетпейсің? дейді. – Сендей адам таба алмай жүргенде, сен білесің бе, қандай өзіңнің журналист екеніңді – дейді.
Мәссаған! Адамның өзінен гөрі бір – екі жазған мақалаға қарап, қандай адам екенін айыратын кісіні 1 – рет сонда көрдім. Бірақ, маған мұнда да орын болмай шықты.
Алайда, Идош ағадай журналистік әке таптым.

Солай Ақтөбе! Айта берсем менің неге сен сияқты қала болғым келетініне барған сайын жауап беріп келемін ғой деймін. Мысалы, қазіргі сендегі еңселі білім ордаларының бірі педагогикалық университет. Мені осындағы Ақберген Жұбанов ағай домбырашылыққа баулыды - менен күйші шықпады. Ал, Тұрсын апай Жағалтаева, тіпті, ақын еткісі келіп көрді. Оны да жарытпадым. Өз мамандығым бойынша математиканың тұңғиығына батырған – матиматика ғылымының докторы Жайшылық ағай, Жақсылық, Қожабек, Серік сияқты ұстаздарымнан қазір «қашып» жүремін.
Олардың еңбегін зая кетіргендей қысыламын. Мен сияқты қашқын мұғалімдер қаншама! Бірақ мен бір нәрсеге ризамын, жоғарыда аталған адамдардай сенің тұрғындарыңнан бойға жылу алғаныма. Бәлкім, сенің қала болуыңа сондай адамдардың септігі тиіп тұрған шығар. Тіпті, сенің қала болуың да адамның арқасында ғой. Әйтпесе, 130 – дай жыл бұрын бұл маңда Елек өзенінің төбелі бір жағасы ғана болған жоқ па?!
Бірді айтып, бірге кетсем – кешіргін.
Бәрі өзгерсе де, Ақтөбе, сенде өзгермейтін бір жайлы орын бар. Ол – Облыстық - өлкетану мұражайы. Бірақ, мұражайдың кірсе – шыққысыз болып тұруына бір адамның еңбегі дер едім, мұражайдың директоры – Рысжан апай Ілиясқызы. Басқаны білмеймін, мен өзім осындай кісілердің қартаймауын тілеймін. Себебі, олар қартайса, зейнетке шығып, сыңғырлаған дайын орынға бір қу отырады да, ту- талақайын шығаруы ғажап емес пе?! Рысжан апайлармен бірге қазақтың қазақы мерейі де, рухы да зейнетке шығып кететіндей болады да тұрады…
Иә, айтпақшы, осы мен неге қалаға айналғым келгенін білесің бе? Ол адамдық міндетімді атқарып болғандығымнан емес, керісінше, адам болудың қиындығынан… Әсіресе, қазіргідей өтпелі дәуірде, бір қоғамдық жүйе екіншісін алмастырып, бір ұрпақтың өмірі зая кетіп, басқа ұрпақ өмірін аяусыз сүру құбылысы жайлай бастағанда, адамның ойы, әрі – сәрі, көңілі аңғал – саңғал, өмірдің мәні бұлдырап, мақсат ұсақтанып, мұрат шашырайтын кезі болады екен. Міне, менің осындай сәтімде қалаға айналып, талай жанның көңілін аңдып, өмірін бақылап, миығынан күліп, көсіліп жатқым келеді, саған ұқсап. Ал, сен адам болсаң қайтер едің? Мен құсап, әрі – сәрі болар ма едің, әлде әр пәтердің кілтін алар ұры болар ма едің? Бәлкім, кісі өлтірген қылмыскер не қоқыс қазған қаңғыбас боларсың. Тіпті, бар өмірін бір шишаға айырбастайтын маскүнем болар ма едің? Кім біледі, Әкім боларсың… Кім болғанда да адамға тән жақсылығы мен кемшілігі мол тұрғын болар едің. Адам болар едің де, бас- аяғы 70 – 80 жыл жасап, Жаратқан алдында есеп беруге аттанар едің, ал мен қала болсам, адаммен бірге қуанып, бірге мұңайып ғасырлап жасар едім, Шіркін! Қанеки, Өмірді айырбастайық, Ақтөбе, келісесің бе?

1990-2002 ж

1 комментарий:

Бота комментирует...

Ақтөбеде болмасам да болғандай, аты аталған адамдарды танымасам да қандай адам болғандары туралы мағлұмат алдым.Көшелерінде жүргендей әсер алдым.
Қызықты ой толғаныс!
Бірақ қазір қандай мамандыққа тоқталғаныңызды түсінбей қалдым?