пятница, 31 августа 2007 г.

МӘСКЕУДЕГІ ЖЕЛТОҚСАН ДҮРБЕЛЕҢІ

ХХ ғасырдың соңында қазақ халқы жылдың 3 мезгілін қамтыған көтерілісті бастан кешіпті. Қыста - Алматыдағы Желтоқсан-86, жазда - Жаңаөзендегі Шілде-89, күзде - Оралдағы Қыркүйек-91 оқиғалары. Енді ХХІ ғасырдағы көктемнің кезегі...

Желтоқсан көтерілісінің Мәскеудегі ұйымдастырушыларының бірі, белгілі ақтөбелік кәсіпкер Байжарқынов Ербол Мақсатұлымен сұхбатты ұсынып отырмыз.

- Ербол, Желтоқсан көтерілісі кезінде қайда едіңіз?
-1986 жылы Алматыда Желтоқсан көтерілісі басталғанда бір топ қазақ жігіттері Мәскеудегі Гидромелиоративтік институтта 3- курста оқып жатқанбыз. Ол кезде Мәскеудегі әр жоғары оқу мекемесінде кемінде 200 қазақ жастары білім алып жатты. Әлгі оқиға жанымызға батқан соң біз өз институтымыздың ауқымында бірігіп, болған жайтты талқылап, не істеу керек деген мәселені талдауға жұмылдық. Мұны естіген қалған білім ордаларындағы студенттердің әр қайсысы орталарынан 3 –4 адам өкілдік бөліп бізге қарай жөнелтіп жатты.
- Сонда, Мәскеу қазақтары сіздің институтқа жиналды ма?
- Иә.Жалпы, біздің институттағы қазақ жігіттері ұйымшыл, абыройлы, беделді болатын. Институт басшылығы да, жатақхана коменданты да біздермен жылы қатынасып тұрды. Осыны пайдаланып, біз жатақханадағы бөлмемізге жиналып жүргенбіз.
- Сонда мұның бәрін сіз басқардыңыз ба?
- Енді…ұйымдастырушы-лардың ішінде болдым. Бәріміз кеш болса, намысымызды қоздырған оқиғаны талдауға жиналатын болдық. Бос әңгімеден іске көшетін жағын айтып, ұсыныстарымызды ортаға тастайтын едік. Қазақ деген атымыз болғасын босқа отырамыз ба? Басқа институттарда не болып жатыр екен соны білейік деген әңімелер қызатын болды. Сөйтіп, не болғанда да Мәскеудегі жас Қазақ диаспорасы болып бірігіп, бір қадам жасауға баруды шештік. Бізге таяу орналасқан 5 институт бар еді. Соларға қатынасып, қандастарға хабар айтып, бізге жиналуды ұсындық. Ойымыз бас біріктіріп жаңашыл бағыт әкеліп жатқан Орталық комитеттің бас хатшысы Горбачевқа хат жазып, болып жатқан оқиғаның анық – қанығына көзін жеткізейік деп шештік. Біздің арқамызға батқан,әсіресе, “Правда” газетіне шыққан «национал – шовинистическая выходка отдельных слоев казахского населения» деген таңба болды. Осы жайттардың басын ашып, шетелдік БАҚ – на өз нұсқамызды таратқымыз келді. Бәріміз де ойладық, сол кездегі 19 облыс пен Алматы қаласының басшыларының бір де біреуі ел басқаруға жарамағаны ма? Қарсы айтқымыз келді:
«өздерің айтып жатқан “ускорение”, “демократиялық бағыт” деген бос сөз бе, қалай дамуды жеделдетесіңдер, сырттан келген адам ел мен танысудың өзіне кемінде 2 – 3 жыл жібереді ғой».
Содан біздің бұл талпынысымыз Мәскеудегі біраз жерді шарласа керек, қазақтарды былай қойғанда, басқа ұлт өкілдері, мұғалімдер, шетел азаматтары келіп, біздің институтта қазақ жігіттері ұйымдасып жатыр дегесін өз пікірлерін айтып кетіп тұрды. Мәскеудегі, қазақ интеллигенттер, әсіресе аспиранттар келіп ниеттес болып жүрді. Олар ашық айтты: «Сіздерді рухани жағынан қолдаймыз, жанұямыз бар, қызметіміз бар, сіздер қанша дегенмен жассыздар, өз мінездеріңізбен ұлттық намысты жыртқандарың дұрыс» дегендей. Өзіміз де біздерге деген қоғамның алдыңғы қатарлы толқыны болу жарасатындығын, міндетімізді дұрыс түсініп, неге болса да мойнымызға жауапкершілік алып ұмтылуды шештік. Оның үстіне, жер бетінде болып жатқан қандай төңкеріс болса да, сырттан, мәселен, Америка ешкімді әкеліп отырғызбайды, не болса да сол жерден біреу табылады, ал мынауысы біздің халықты таза басынғандық еді! Бұл бәріміздің де зығырданымызды қайнатты ғой.
- Сонымен, жоғарыға хат жазу мәселесі не болды?
- Хат жазуға жиналғаннан бастап, бізді аңду күшейді. Ол аңдуға да өз жігіттерімізді КГБ пайдалана бастады. Бір күні Семейдің Талғат деген жігіті КГБ – ның қызметіндегі бір мүмкіндікті пайдаланып қашып шығып, жатақханада бұрқытып жиналыс жасап жатқан бізге жетіп келіп, мені суырып алды.
“ Ербол қайсысың, тез дәлізге шықсын, айтатын әңгіме бар!” - деді. Содан ол мені сүйрелеп, жатақхананың түкпіріндегі запас есікке апарды. Жолшыбай әлгі жігіт ауызы аузына жұқпай түсіндіріп келе жатыр. “Бір жерге орнығып, отырмаңыздар!.Біз сендерді тыңдап, аңдып отырмыз. Барлық сөздерің жазылып жатыр. Біз амалсыз сендердің барлық сөздеріңді орысшаға аударып отырмыз. Сақтық керек! Біз сендерді толық қолдаймыз. Бірақ, бір жерде жинала бермей, әр жерде жиналың. Сосын әлгі хатты жойыңдар. Одан түк шықпайды. Хатқа қол қойған адамдардың бәрін де қудалайды. Соңдарыңа бізді салады. Әсіресе, сен сияқты ұйымдастырушылар күнде орын ауыстырып бір жерге тұрақтамаңдар! Және кешқұрым 5 - 6 адам болып тұтасып жүріңдер” - деп әлгі бауырымыз көзден ғайып болды. Ол кезде әрі оқып, әрі жұмыс істеп жүретінмін. Түнгі кезекті кәсіпорын күзетіне барып жүргем. Оны доғара тұруға тура келді. Жаңағыдай «нұсқау» болғасын күнде орын ауыстырып, жүріс – тұрысты «түзетуге» кірістік. Сөйтіп, адамдарды өзімізге жинамай, өздеріміз әр жатақханаға барып қандастарымызбен кездесіп, бастаған істі аяқтауға талпындық. Ендігі шарамыз хат жазудан басқаға ойысты. Енді біз Қазақстанның Мәскеудегі өкілдігі ғимаратына барып, акциямызды сол жерде өткізуді ұйғардық. Сол жерге барып “сидящая забастовка” жасауды ұйғардық. Содан ертеңіне әлгі шараны істейміз деген күні кешкісін Елистратов деген партия ұйымының хатшысы Жамбылдық орыс жігіті еді,сол келіп, “Ербол, мынадай мәселе болып тұр. Бүгін бізді ертеңгісін органның адамдары келіп, «ертең жиналатын студентердің бәрін оқудан шығарасыңдар! « деген нұсқау жасады. Осы естеріңде болсын!” - деді. Біздің ұйымдастыруымыз бойынша 20 ірі оқу орындарында 200 адамнан жиналғанның өзінде 4000 адам әзір отыр едік.Содан шешімді өзгертіп, бәріміз емес, әр оқу орнынан 2-3 өкіл бөлінсін деп келісіп, жан – жаққа хабар тараттық. Әлгі адамдар сай ма сай, сөйлей алатын неге болса да даяр болатын болсын дедік. Сонымен не керек, таңғы сағат 8 – де Қазақстан өкілдігінің айналасына бүркембелі машинасы бар, жеңіл көлігі бар 40 шақты техника шоғырлана бастапты. Аллеяны айнала таң атпай газет оқушылар көбейген. Содан өкілдіктегі ағайлар жақындаған жастарды жалма- жан ішке кіргізіп алып жатыр. Содан бәрін жинап теріп, ғимараттың ішіне жиналысты бастап жіберді. Әлгі жиынға арнайы Алматыдан Совминде істейтін орыс кісі ұшып келіпті. Сосын Жоғары Советтің төрағасы Мұқашев деген ағамыз бар бәрі президиумға отырып, жастармен сөйлесіп, «шер тарқатуға» кірісті. Содан студенттер, шетінен таңдаулы, сауатты болғасын қойсын ба, бір бірден сөз алып, Маркс пен Лениннен үзінділер келтіріп, Горбачевтың өз сөзін айтып, халықаралық құқықтан бабтар келтіріп, әлгілерді «бұрышқа қамады». Содан Мұқашев ағамыз не істерге білмей, айқай салды:
- Такие как вы беспорядок организовали в Алма- Ате! Осылайша тарастық. Аңду күшейді. Бір – екі күннен кейін ректор шақырып алды. Ректор академик Голованов болатын. Ол айтты:
- Ербол, сен өз еркіңмен арыз жаз, “Прошу по состоянию здоровья…” деп келтір, егер мына жағдай маған тимей орнымда қалсам, келесі жылы оқуға қайта қабылдаттырам. Оқуың “төрт” пен “бес”. Мұғалімдердің барлығы сені қолдап отыр. Осы айтқанымды орында, айналайын!” – деді. Ол кісі сөзінде тұрды, 1987 жылы кетіп, оқуды 1988 жылы қайта жалғастырдым.
- Сізден басқа институттан кімдер шықты?
- Дайындық курсындағы жүрген 2-3 жігіт 1-курсқа қабылданбай қалды.
Тағы бір есімде қалған жайт. 22-сі ме, 23- желтоқсанда ма, Мәскеуде болған Мұқтар Шаханов ағамыздың поэзия кеші болатын. Оған да жиналып сайланып барғанбыз. Студенттер жиналғанда отырмақ түгелі тұратын жер қалмады. Оған да келісіп, петициямызды даярлап, мен шығып оқып беретін болдым. Кештің арасында әркім гүл апарып, құттықтап жатты. Ақын Евгений Евтущенко кешті жүргізіп отырды. Алдыңғы қатарда Одаққа танымал орыстың ақын - жазушылары жайғасқан. Содан қағазымды алып микрофонға жеттім. Енді сөйлейін десем, Евтущенко алдыма тұрып алып, сөз беретін емес. Екі жақ та аңдысудамыз. Мені алып кетпесін деп 5-6 жігіт жүр қорғауылдап. Сахнаның арғы жағында органның адамдары қаптап жүр. Евтущенко болса, қолымдағы қағазды көргесін, тіпті, шошып кетті… Мұхтар ағамызда үн жоқ. Евтущенко: «Молодой человек, сядьте, сядьте! Мұхтар Шаханов сейчас сам выступит, сам выступит!» - дей берді. Сосын кейін кетіп, әлгі қағаздың көзін құртып, басқаша қимылдауға көштік. Гүл әперген болып, Мұхаңа баруды шештім. Содан бір гүлді ұстап алып, екінші рет сахнаға қайта көтерілдім. Бір қызығы сол кеш тікелей эфирда жүріп жатты. Содан, Мұқтар ағайға гүлді беріп, тұрып; “аға, бір – ақ , сұрақ қояйын!”, - дедім. Ол қолымнан қысып, “бауырым, бауырым, елдегі жағдай онсыз да ушығып тұр. Бәрін білем. Айтпай – ақ, сұрамай – ақ қой! Кешті бұзбашы, жарқыным!- деп сахнадан шығарып салды. Сондағы сұрайын дегенім: «Сіздер көрмеген табиғатты қалай жырға қосасыздар, жазушы көрмеген көркем табиғатты қалай суреттейді. Ал суретші көрмей - білмей сала ала ма? Сол сияқты өмірі болмаған жерге барып оның халқын басқару мүмкін бе?».
- Ербол, сол кездегі қысымның шеті ата – анаға, жақын – жуыққа тиген жоқ па?
- Папам аудандағы партия комитетінің насихат бөлімінің меңгерушісі еді. Талай рет облпарткомитет шақырып бетіне басып, қыспаққа алған. Ол кезде не болса да біздің халыққа деген сын еді ғой.
- Иә, солай болатын,Ербол. Өзіңіз сияқты қыз – жігіттердің арқасында халқымыздың абыройы аяққа басылмай, сол сыннан өттік қой. Енді соның қадірін білсек, шіркін! Рахмет пікіріңізге!

Комментариев нет: