пятница, 31 августа 2007 г.

СУПЕРІ ҚЫЗ

Х.Андерсен ертегесі
(Ғашықтарға арнаймын)

Теңіз айдынының суы көкбасгүлдей көкпеңбек, таза әйнектей мөп-мөлдір келеді де, түпсіз тұңғиық болады! Тереңдігі сондай, түбіне зәкірді ешбір шынжыр тигізе алмастай, ал оның тереңдігін өлшеу үшін сансыз мұнараларды үсті үстіне салуға тура келер еді. Міне, осындай тереңде суперілер тұратын.
Теңіздің түбінде қайраң құмнан басқа ештеңе жоқ деп ойламаңыз; жоқ, онда бұрын көрмеген ағаштың түрі және сабағы мен жапырағы сылқылдаған алуан гүлдер кәдімгі гүлдердей судың аздаған толқынына жайқалып тұрады. Ал су астындағы бұтақтар арасында біздегі құстар секілді ірілі-ұсақты балықтар шоршып жүргені; теңіздің ең тереңінде теңіз патшасының янтардан жасалған биік те шошақ терезесі мен судың лықсуына орай ашылып-жабылатын ұлуқабық шатыры бар маржан сарайы орналасқан; бұл бір керемет ғимарат: шатырындағы әрбір ұлуқабықтың қуысында сәуле шашар інжу бар, оның өзі-ақ бір патшаханымның тәжін әшекейлеуге жарар еді.
Теңіз патшасының әйелі ертеректе өлгесін, оның шаруасына кәрі шешесі қарайтын, бұл өзінің тегін бұлдаған ақылды да тәкаппар жан еді: ақсүйектерге бар болғаны алтаудан асыруға болмаса да, ол өзінің құйрығына ондаған қылаш тағып жүреді. Қанша дегенмен ол мақтан етуге тұрарлық жан, оның өз немерелерін сонша сүйетіндігінің өзі неге тұрады?! Алты патшайымның бәрі де бірінен бірі өткен суперілер еді, бірақ бәрінен де кенжесінің орны бөлек: нәзік те раушанның шешегіндей мөлдіреген, теңіздей көк көзін тұңғиық дерсің. Бірақ, ол да басқа суперілердей балыққұйрықты да, аяқсыз болатын.
Патшайымдар болса күн сайын қабырғалары гүлге оранған сарайдың кең залдарында асыр салып ойнайтын. Ашық қалған лағыл терезеден біздегідей қарылғаш ұшып кіргендей, балықтар жүзіп кіретін; олар патшайымдардан сескенбейтін, олардың қолдарынан қоректеніп, жондарын сипататын.
Сарай жанында үлкен бақ болды; онда ылғи да бұтақтары мен жапырақтары ырғалған алқызыл және қою көгілдір түсті ағаштар өсетін; олардың жемістері болса алтын секілді, ал гүлдері отша жарқырайтын. Жердің орнында онда ұсақ та, көгілдір жалын тәрізді құм болғандықтан айналаның бәріне таңырқатарлық көгілдір шұғыла тарайды - онда барсаң, әуеде қалқып тұрғандайсың да, төбеңде ғана емес, аяқ астыңда да аспан жатқандай. Желсіз сәтте теңіз түбінен күн көрінеді де, ол кеседен төгілген қара қошқыл жарық секілді.
Бақта әр патшайымның өз мүйісі бар; мұнда олар не істегісі келсе, соны істейді: қазады, егеді, көмеді. Біреуі өзіне кит тәрізді гүл атызын жасапты, енді бірі атызды суперіге ұқсатқан, ал кенже қыз өзіне күн секілді дөңгелек атыз істеп, оған ашық қызыл гүлдер екті. Бұл супері қыз ерекше: өзі сондай тұйық та ойлы. Өзге әпкелері өз бақшаларын теңізге батқан кемелерден түскен әр алуан нәрсемен әшекейлесе, ал бұл күндей ашық түсті гүл мен ауған кемеден түскен мәрмәр бозбаланың мүсінін ұнатады. Кенже супері мүсіннің қасына еккен қызыл жылауық тал жайқалып өсті; оның бұтақтары мүсінді шырмап өсіп, көгілдір құмның күлгін көлеңкесі бар жерге басын ие қалыпты, - сөйтіп талдың төбесі мен тамыры сүйісіп тұрғандай әсер береді!
Ол бәрінен бұрын жер бетіндегі адамдар туралы әңгімелерді тыңдауды ұнатады. Оған әжесі кемелер мен қалалар туралы, адамдар мен жануарлар жайында талай мәрте әңгімелеген. Суперіні, әсіресе, жер бетіндегі гүлдердің теңіздегідей емес жұпар иісті болатыны, ондағы ормандардың жасыл екендігі мен ағаш басындағы балықтардың шырқайтындығы қайран қалдыратын! Әжесі оған балық деп құстарды айтқан, әйтпесе, оны немерелері түсінбес еді: өйткені, олар туғалы құс көрмеген болатын.
- Сендерге он бес жас толғанда, - дейтін әжесі, - теңіз бетіне шығып, жартаста отырып, ай жарығымен жүзіп өтетін үлкен кемелер мен орманға, қалаларға қарауға мұрсат беріледі!
Биыл үлкен әпкесі он беске толмақ, ортаңғысына бірер жыл бар, ал, бұл жасты бәрінен көбірек күтетін – кенже қыз. Олардың әрқайсысы жер бетінен алған алғашқы әсерін қалған сіңлілеріне айтуға уәделесті, - әжесінің әңгімелері бәрібір жеткіліксіз еді, ал қыздар бәрін де нақтырақ білуге құмартты.
Қыздардың ешқайсысы да салмақты да, ойлы кенже қыздай теңіз бетіне шығуға сонша ынтығып, көп күтуге душар болмаған шығар. Ол терезе алдына тұрып алып, теңіз тұңғиығындағы балық үйіріне қарап қанша түндерді өткізбеді! Ол тұңғиықтан аспандағы ай мен жұлдыздарға көз сүзумен тұратын; олар бізге көрінетіндей айқын болмаса да, оған ірі болып көрінетін. Олардың астынан үлкен қошқыл бұлт жылжитындай болатыны бар, оны супері кенже қыз жүзіп өткен киттің болмаса көп адамы бар кеменің сұлбасы екенін жақсы білді; әрине, кемеге аппақ қолдарын созып тұрған сүйкімді суперіні адамдардың ешқайсысы да білмейтін.
Ақыры тұңғыш қызға он бес жас толды да, оған теңіз бетіне жүзіп шығуға рұқсат етілді.
Ол кейін қайтқанда қаншама әңгіме айтты десеңші! Оның айтуынша, бәрінен бұрын оған ай жарығында, айнала тамылжып тұрғанда жағадағы қайраң құмда жатып алып, керілген қала көрінісін тамашалау ұнапты: түнгі шамдар жүздеген жұлдыздардай самсап, алуан әуен шалқып, қаланың шуы мен гүрсілі естіліп, түйректі мұнара көрініп, қоңырау соғылады екен. Сондықтан да оған бару мүмкін болмапты, бар болғаны қаланың түнгі тамаша көрінісін қызықтаумен шектелген.
Әпкесінің әңгімесін кенже сіңлісі ауызынан суы құрып тыңдамады ма! Кешқұрым ашық терезеден тұңғиыққа көз жібере тұрып, ол тек қана шулы үлкен шаһар жайында ойлаумен болды, тіпті, қоңырау үнін де естігендей. Бір жылдан соң келесі әпкесі де теңіз айдынына шығып, қайда жүзгісі келсе де мүмкіндік алды. Ол күн батқан бойда су бетіне шығыпты да, сол сәтте одан артық кереметті көру мүмкін еместігіне көзі жеткен. Оның айтуынша, аспан балқыған алтындай, ал бұлт бар ғой... оны айтуға, тіпті, сөз таппады! Біреуі қошқыл, енді бірі күлгін бұлттар аспанда жарысып жүргендей, олардан да жылдамырақ күнге қарай асыққан аққулардың тізбегін айтсаңшы; супері қыз күнге қарай жүзіп көрген екен, күннің кешкі шұғыласы бір мезгілде теңіз бетіне де, аспанға да, суға да шашырапты.
Енді бір жылдан соң теңіз бетіне шығуға үшінші супері қыз кезек алды; ол бәрінен де батылырақ еді, теңізге құятын жалпақ өзенге жүзіп шыққанын қайтерсің. Оның көзіне жүзім егіні жапқан жасыл төбе, сарайлар мен үйлер, құстары сайраған тоғайлар түсті; күннің қызуына шыдай алмаған супері сергу үшін бірнеше рет суға сүңгіп шығуына тура келді. Ол шағын айлақтағы су шашысқан жалаңаш балақайларды да байқады; қыз олармен ойнағысы келіп жақындап еді, әлгілер бұдан қорқып қаша жөнелді де, олардың орнына қап–қара әлдебір хайуан бұған қарай абалай жөнелді, одан зәресі ұшқан супері теңізге қойып кетті; ал оның кәдімгі ит екенін супері қыз қайдан білсін.
Көпке дейін супері бойжеткен керемет тоғай мен жасыл қыратты, балық құйрықтары болмаса да балықша жүзетін балақайларды ауызынан тастамады.
Төртінші қыз жасқаншақ болып шықты; ол теңіз айдынында ғана болып, қайда қарасаң да айналаның су екенін, ал аспанның орасан шыны күмбез екенін әңгімеледі; көз ұшында теңіз шағалалары, толқынды тілгілеген кемелер, шоршып ойнақтаған делфиндер мен тұмсығынан су себелеген алып киттер жайын айтты.
Сосын кезек кенже қызға тете әпкесіне де келді; оның туылған күні қыста еді, сондықтан да ол басқалар көрмеген көріністі қызықтаған болатын: теңіз болса жасыл түсті еді, айнала толы мұздақ таулар жүзіп жүрді, олардың биіктігі адамдар салған қоңырауханалардан да ірі көрінеді! Олардың кейбіреуі кісі күлерліктей пошымы бар, алмастай жалтырайды екен. Ол ең үлкеніне шығып еді, ұзын шаштары желге желбіреді де, бұдан жүрексінген адамдар әлгі мұзтауды айнала жүзіп, алшақ кетуге тырысты. Кешке қарай аспанды қою бұлттар торлап, найзағай ойнады, күн күркіреді, қоңырайған теңіз мұздақ алыптарды оңды-солды лақтырды, жасын ойнағанда оларға шағылысып жарқ-жұрқ етіп жатты. Кемелер желкендерін жинап, үстіндегі адамдардың үрейі ұша сеңдей соғылысты, ал қыз болса, мұзтауға жайғасып алып, найзағайдың иректелген жарқылы көкті тіліп, теңізге шаншылып жатқанын жайбарақат қарап отырды. Апалы-сіңлілердің әрқайсысы жоғарыдағы алғаш көргендерінен арыла алмай жүрді; бірақ қайда жүзуге де рұқсат алған олар, серуендеріне тез тойынып, ай өткен соң, тұңғиықтағы өз үйлерінен артық ештеңе жоқтығына тірелетін. Ылғи да кешқұрым ағайынды бес қыз су бетіне шығатын болды; бәрінде де жер бетіндегі адамдарда жоқ нәзік те тартымды дауыстарымен, теңіз дауылы соққанда кеменің суға бататындарына көздері жеткен олар, жақын жүзіп келіп, суасты патшалығының ғаламаты жайында ән шырқап, *сукештерді тұңғиықтан қорықпауға азғыратын; бірақ сукештер бұларды түсінбейтін; оларға бұлардың әні толқын шуындай көрінетін; бірақ адамдар бәрібір теңіз түбінен ешбір ғаламат көрмес еді – кеме суға кетсе, суға батқан адамдар теңіз патшасының сарайына өлі күйлерінде тап болатын.
Барлық әпкелері жапатармағай теңіз бетіне көтерілгенде, олардың соңынан қарап, кенже қыз жападан жалғыз жыламсырап қалатын, бірақ суперілер жылай алмайтын, содан да болар, оған тіпті ауыр соғатын.
- Шіркін, мен қашан он беске толам? – дейтін ол сонда. – Мен су бетіндегі тірлікті де, ондағы адамдарды да ұнатам ғой!
Ақырында он бес жасқа ол да толды–ау.
– Міне, қызым, сен де бой жеттің! – деді әжесі оған. – Қане, сені де әпкелерің секілді бойжеткенге лайықтап жасандырайық!
Ол кенже қыздың басына лалагүл дестесін кигізді, - әрбір шешегі інжудің жартысындай – сосын патшайымның жоғарғы дәрежесін білдіру үшін, сегіз қылашқа қыздың құйрығына жабысуды бұйырды.
Қалай ауыртады! – деп шыңғырды кенже бойжеткен.
- Сұлулық үшін шыдау күнәға жатпайды! – деп әзілдеді супері кемпір.
Шіркін, супері қыз үстіндегі мына киім–кешек пен ауыр гүлдестені қиналмастан–ақ лақтырып тастар еді, - өзінің бақшасындағы қызыл гүлдерге не жетсін! – бірақ лақтыруға батылы бармады.
- Қош, балалық! – деп ол жеңіл ғана көпіршік секілді жылыстап су бетіне көтерілді.
Күн ұясына жаңа ғана батқан, бұлттар болса, қызылшырайлы аспанда кешкі жұлдыздар жымың қақса да, әлі алтын қошқылды шұғыласынан арыла қоймапты; ауа сондай жеп–жеңіл әрі тап–таза, ал теңізді айна дерсің. Супері қыз жүзіп шыққан маңайда бір ғана желкені тартылған үш діңгекті кеме тұр, - себебі, үф еткен леп жоқ еді; кеменің әр жерінде сукештер отыр, палубадан әуенге қосыла ән естіледі; қараңғы түскенде кемеге жүздеген алуан түсті қолшамның жарығы түсті; әуеде құдды алуан ұлттың жалауы желбірегендей. Супері қыз каюта терезелеріне тақай жүзді, толқын тербегенде оның каюта ішіне көзі түсетіндей мүмкіндігі бар еді.Каюта іші шешінген адамдарға толы екен, оған бәрінен де үлкен қара көзді патшазада ерекше көрінді. Ол әрі дегенде алты жаста болар; сол сәтте оның туылған күні тойланып жатқан, кемедегі көңілді көрініс те соның салдары болатын. Сукештер палуба үстінде асыр сала биледі, ал ортаға патшазада шыққанда әуеге шашылған отшашу жарығы айналаны күндізгідей жарқыратып жіберді де, одан суперінің шошығаны сондай, ол жалма-жан сүңгіп кетті. Көп ұзамай су бетіне шыққан оған аспандағы самсаған жұлдыздар теңізге түсіп жатқандай болды. Ол өмірінде мұндай отты елес көрмеген еді; шара табақтай күн доңғалақша айналуда, орасан отты балықтар ауада құйрықтарын ұрғылайды, мұның бәрі толқынсыз мөлдір судағы көріністер еді. Ал кеменің үсті әрбір адам түгілі жіңішке жіпті көз шалатындай жап жарық болып кетті. Шіркін, бозбала патшазаданы айтсаңшы! Ол әр адамның қолын қысып, ыржиып күле берді, ал әуен болса түн тыныштығын тілгілеп, айналаны басына көтере естілуде. Түн қоюлана түсті, бірақ супері қыз көзін кемеден, әсіресе, ондағы көркем бозбаладан көзін алмады. Алуан түсті отшашу сөніп, құйрықты оттар енді әуелемеді, зеңбірек дүрсілі де естілмеді, оның есесіне теңіз гуілдеп, ыңырсуын бастады. Кемемен бірге толқынға тербелген қыз каютадан көз айырмады, ал кеме болса жылдамдата бастады, желкендер бірінен соң бірі керілді, жел қатайды, толқын биіктей бастады, бұлт қоюланып, алыста найзағай ауаны осып өтті. Дауыл басталды! Сукештер желкенді жинай бастады; алып кеме теңселіп, долданған жел оны әрі-бері соға бастады, кемені айнала оның діңгегін ала бір біріне қосылардай қара тау секілді толқыннан жал тұрды, бірақ кеме байғұс сулы қоршауды бұзып-жарып, аққудай алға ұмтыла түсті. Суперіні теңіз дауылы ермек етсе, ал сукештер тлқынмен арпалысқа түсті. Кеме ыңырсығандай, сықырлап, қалың тақтайлары жарыла бастады, толқын палубаға өршелене құлап жатты; кеменің бас діңгегі қамыстай қаусап қалды да, кеменің өзі бір бүйіріне аударылып түсіп, оның қойны-қолтығына су лап қойды. Супері қыз кемеге қауіп төнгенін сезді; оның өзіне де толқынға соғылған бөрене мен сынықтардан абай болуға тура келді. Бір мезетте көзге шұқысаң да көрмейтіндей түнек орнады; бірақ найзағай ойнап, жарқұл-жұрқыл тағы басталды да, супері кемедегі адамдарды көзі шалып қалды; олар жан ұшыруда еді. Қыз патшазаданы көзімен шолып еді, кеме батқанда жігіт те суға кетіп бара жатқанын байқады. Әуелі бойжеткен оның тұңғиыққа өздеріне бара жатқанына қуанып қалған, іле-шала адамдардың суда тірі қалмайтыны, оның әкесінің сарайына өлі күйінде ғана баратыны еске түсті. Жо, жоқ, ол тірі қалуы керек! Қыз бөренелер мен тақтайлардың өзін басып қалу қаупін ұмытып, олардың арасымен жүзе жөнелді. Ол біресе жүзіп, біресе сүңгіп, патшазадаға жетті, ержеткен толқынды теңізде жүзетіндей халде емес еді; қол-аяғы ұйып, көркем көздері жұмыла бастаған; супері көмекке келмегенде оның өлетіні сөзсіз еді. Қыз оның басын су бетіне көтермелеп, толқынның айдауымен жылжи берді.
Таң ата ауа райы сабасына түсті; кемеден жаңқа да қалмады, ештеңе болмағандай күн сәулесі айдынға шашылды да, жігіттің нұрлы өңін қалпына келтіргендей, бірақ оның көзі ашыла қоймады.
Бойжеткен ержеткеннің маңдайына түскен шашын сілкіп жіберіп, кең де көрікті маңдайын сүйіп алды; оған патшазада өзінің бақшасындағы тұрған мәрмәр бозбаланың мүсініне ұқсап кетті; ол тағы да оны сүйді де тірі қалуын тіледі.
Ақырында супері қарауытқан жерді, шыңдарын аққуға ұқсас қар басқан, көкпен таласқан тауды көрді. Жағада көз жауын алардай жасыл тоғай, оның үстін ала қырда әлдебір заңғар ғибадатхана тұрды. Тоғайда лимон мен
апелсин ағаштары өскен, ал әлгі ғимараттың қақпасының алдында биік пальмалар өсіп тұр екен.Суы тамылжыған терең айлақ жағасын аппақ жұмсақ
_________________
*сукеш - матрос

құм жапқан жарқабаққа тіреліпті; жігітті сүйемелдеп жүзген қыз оның басын
күннен көлегейлеп әлгі жағаға әкеліп жатқызды.
Осы уақытта әлгі ғимараттан соғылған қоңырау үні шықты да, баққа бір топ жас қыздар самсап шыға келді. Супері теңізге түсіп, жағадағы судан шыға шошайып тұрған тастардан әрі кетіп, шашы мен кеудесін теңіз көбігімен жасыра, ешкім байқамастай жата кетті: бейшара патшазадаға біреудің келуін күтті.
Көп күттірмеді: патшазадаға жас қыздардың бірі жақындап келіп, әуелі одан шошып кетті де, жылдам есі кіріп, көмекке басқаларды шақырды. Сосын супері ержеткеннің есін жиып айналасындағыларға күлімсірей қарағанын көрді. Ал, бұған ол жымимады, тіпті өзін мұның құтқарғанын да сезбеді, сабазың! Суперінің көңілі аласұрды, патшазаданы зәулім аппақ ғимаратқа әкеткенде ол көңілі құлазып, суға сүңгіді де, үйіне қайтты.
Бұрынғы тұйық қыз бұйығылана түсті. Одан әпкелері су бетінен алған алғашқы әсерін сұраса да, ол ештеңе айтып жарытпады.
Ол патшазаданы әкеліп кеткен жағаға кешке де, ертеңгісін де келетін болды, ол бақтағы жемістердің қалай піскенін, оны қалай жинағанын көріп жүрді, шың басындағы қардың қалай ерігеніне дейін көрді, бірақ көзіне патшазада түспеді де, ол бұрынғыдан да мұңая түсті. Оның бар жұбанышы өз бақшасында отырып алып, патшазададан аумайтын әдемі мәрмәр мүсінді қаққылаумен болды, бірақ ол бұрынғыша гүлдерді күтуді қойды; гүлдер болса, қалай болса солай сүрлеуді қуалап та, жолды бойлап та, сабақтары мен жапырақтары ағаш бұтақтарына шатасып өскесін бақша қараңғы бола түсті.
Ақырында кенже қыз шыдай алмады, әпкелерінің біріне болған жайды айтты; кенженің құпиясын одан қалған әпкелері естіді де, олар өздерінің ең жақын екі-үш құрбыларына жеткізді. Олардың бірі әлгі патшазаданы білетін болып шықты, кеме үстіндегі мерекені де көрсе керек, тіпті, оның патшалығының қайда екенін де айта алмақ.
- Қане, кеттік, сіңлітай! – десті оның әпкелері, қол ұстасып жүріп, патшазада сарайы тұрған маңайдан теңіз бетіне бір-ақ шықты.
Ірі мәрмәр баспалдақтары бар Сарай ашық сарғыш жылтыр тастан салыныпты; баспалдағының бірі тура теңізге түсіп, суға малынып тұр. Шатыр үстінен алтындалған еңселі күмбездер аспан тіреп тұрғандай, ғимаратты айнала самсаған ұстындар арасында тірі адамдар секілді қаптап мүсіндер орналасқан. Айнадай жалтыраған терезелерден сарайдың ішкі сәулеті анық көрінеді екен; барлығында да қымбат жібек перделер ілініп, кілемдер төселген, ал қабырғалары үлкен сүгіреттермен айшықтала түскен. Көруге көз керек! Ең үлкен залдың ортасында атқыма шұрылдауда; одан атылған судың шаптырымы төбеге жетеқабыл; күмбезден төгілген сәуле хауыздың суы мен оның ішіне өскен өсімдікке түсуде.
Патшазаданың қайда екенін білген супері қыз сарайға кешкісін не түнделете күнде жүзіп келуді әдет қылды. Ол секілді жағаға жақын жүзуге әпкелерінің бірінің де батылы жетпеген болар еді; ол тіпті, суға ұзына бойы көлеңке түсіріп тұрған керім мәрмәр балконның астынан өтетін жіңішке арнаға да жүзіп келетін болды. Ол балконда ай жарығында жалғыз тұратын жігітке ұзақ қарайтынды шығарды.
Бойжеткен жігітті ән-күйшілерімен бірге желбіреген жалаушалармен әшекейленген қайықта талай көрді, - супері қамыс арқылы сығалайтын да, егер оның күмістей шашы желбіреп кетсе, оны байқаған адамдар қанатын сермеген аққулар деп ойлайтын.
Ол түні бойы балық аулаған балықшылардың патшазада жайындағы әңгімесін талай естіді; олар жігіт туралы көп мақтайтын да, оны толқынды бойлап өзінің құтқарғанына іштей қуанатын; ол жігіт басының өзінің кеудесінде болып, маңдайынан сүйген кездерін еске алды. Ал жігіт болса, мұны білмейтін, тіпті, түсіне де кірмеген болар!
Супері қыз барған сайын адамдарды жақсы көре түсті, оларды көрмесе тұра алмайтын болды; олардың жербетілік тіршілігі бұлардың суастылық әлемінен әлдеқайда орасан көрінді; адамдар кемелерімен теңіздерден өтіп, заңғар тауларға шығып, бұлттарға жете алады, созылған ормандары мен алқаптарының шегі жоқ, көз жетпейді! Супері қызға адамдар туралы, олардың тіршілігі жөнінде көбірек білгісі келді, бірақ әпкелері жарытып ештеңе айта алмады да, ол әжесінен сұрады: қария «жоғарғы әлем» туралы жақсы білетін де, ол әлемді теңіз үстіне орналасқан жер деп атады.
-Егер адамдар суға кетпесе, - деп сұрады кенже қыз, - біз сияқты өлмей, мәңгі өмір сүре ме?
- Қайдағы! – деді әжесі. – Олар да өледі, олардың заманы біздікінен де қысқа. Біз үш жүз жыл өмір сүреміз, біздің тірлігіміз біткенде, бізді туыстарымыздың қасына жерлемейді ғой, бізде мола да болмайды, біз бар болғаны көбікке айналамыз. Бізге мәңгі жан берілмеген және біз қайта тірілмейміз; біз тамырынан жұлынғанда қайта көктемейтін қамыс секілдіміз! Ал адамдарда керісінше, оларда мүрдеге айналғаннан кейін де өлмес жан бар; олар тұп-тура көктегі жымыңдаған жұлдыздарға тартып тұрады! Біздің тұңғиықтан теңіз бетіне шығып, адамдар тұратын жер бетін көргеніміздей, олар да өлген соң беймәлім рахат елдерге аттанады, оларды біз ешқашан да көрмейміз!
- Бізде неге мәңгі жан жоқ?– деп мұңайды супері қыз. – Мен өзімнің жүздеген өмірімді адамдық бір күнге айырбастар едім, көкке көтерілу үшін.
- Сандалама! Ол жайында ойлама да! – деді кемпір. – Жер бетінен гөрі бізге осында тамаша өмір бар!
- Демек, мен өлсем, теңіз көбігіне айналып, толқындардың керемет әуенін естімей, керім гүлдер мен қызылшырайлы күнді көрмейді екем ғой! Шынымен де мен мәңгі жанға ие бола алмаймын ба?
- Ие боласың, - деді әжесі, - егер саған адамдардың бірі сонша ғашық болып, оған сен әкесі мен шешесінен де қымбат болсаң, егер ол саған жан-тәнімен беріліп, абызға барып, бір біріңе деген мәңгілік жұптарыңды қосуды өтінсе; онда оның жанының бір бөлігі саған беріледі де, сен де бір кездері рахат өмірдің дәмін татасың. Ол саған жанын сыйлайды да, өзінде өзінікін сақтап қалады. Бірақ бұл мүмкін емес! Өйткені, біздің ең әсем деп қабылданатын, балыққұйрығымыз адамдар үшін жиренішті; олар сұлулық жөнінде бас қатырмайды; олардың пікірінше, сұлу болу үшін олар міндетті түрде өздері аяқ дейтін икемсіз екі тіреулері болуы керек.
Супері қыз күрсінді де, өзінің балыққұйрығына мұңая қарады.
- Қысылмаймыз да, қымтырылмаймыз да ! – деді қария. – Үш жүз жылдық өмірімізде күліп-ойнап өтеміз – бұл аз мерзім емес, өлімнен кейінгі тыным сонша тәтті болмақ! Бүгін кешке біздің сарайда той болады!
Мынадай тамашаны жер бетінде көрмес едің! Би залының төбесі мен қабырғалары қалың да мөлдір шыныдан; қабырғаны қуалай жүздеген ірі қошқыл да жасыл түсті ортасында көгілдір оттары лаулаған ұлутастар қойылыпты; әлгі оттар залдың түкпір-түкпірін жарық қылуда, шыны қабырғаға шағылысқан сәулелер, айнала теңізді жарқыратып жіберді. Қабырғаларға қабыршақтары алтын, күміс, қошқыл түстерге құбылып, ірілі-ұсақты балықтар жүзіп келе бастады.
Зал ортасында қысымы күшті су шаптыруда, өздерінің ғажайып әндерінің әуенімен суперілер биге басты. Мұндай әуезді де нәзік дауыс адамдарда болмайды. Кенже қыз бәрінен де жақсы шырқады да, оған ду қол шапалақталды. Оған теңізде де, жер бетінде де өзіндей әнші жоқтай көрініп, көңілі алабұртты; бірақ есіне тағы да суүстілік тіршілік пен патшазада түсіп, өзіне өлмес жан орнықпайтынына жабырқады. Ол жұрт ән шырқап, көңілді шуласып жатқанда сарайдан байқаусыз түрде сытылып шығып, өз бақшасында мұңайып отырды. Кенет жоғарыдан оған әлдебір дүріл естілді: «Мынау сол ғой, қайықпен шыққан! Мен әке-шешемнен гөрі оған ғашықпын! Мен оған жан-тәніммен беріле сүйем, мен оған өзімнің бақытымды ойланбастан сыйлар ем! Мен онымен бірге болуға және мәңгі жанға ие болу үшін неге болса да барар едім! Әпкелерім әкемнің сарайында билеп жатқанда мен сумыстанға барып келе қояйын: одан ылғи да қорқатынмын, бірақ ол маған әлдебір ақыл-кеңес берер, жәрдем етер!»
Супері қыз бақшасынан шықты да, сумыстан тұратын долы иірімге қарай тартты. Ол бұл жолмен жүріп көрмеген еді; мұнда гүл де, шөп те өспейтін – айнала тек қана сұп-сұры құм еді; иірімдегі су бүлкілдеп, диірмен тасына түскендей шықырлап жатыр да, жолдағының бәрін сіміріп, үйіріп жалмауда болатын. Суперіге осындай қайнаған иірімдердің арасымен жүзуге тура келді; одан әрі сумыстанның тұрағына баратын сүрлеу көпіршіген балшық арқылы өтеді; бұл жерді сумыстан жертезекті батпақ атайтын. Бұдан әрі айналасын жабайы тоғай қоршай өскен оның баспанасы тиіп тұр: ағаш пен бұтаның орнына тікеншөптер мен жалмақшөптер, мыңбасты жыланға ұқсас жартылай жәндік, жартылай өсімдіктер құмнан әр жерден шошайып қаптап тұр; олардың бұталары құртша иретілген саусақтары бар ұзын да ұсқынсыз қолдарға ұқсайды; жалмақшөптер жыбырлаған буылтықтарымен бір мезетке де тыным таппастан тамырынан төбесіне дейін жан-жағындағы іліккенді жалмап жатыр. Супері қыздың жүрегі аузына тығылып, қорыққаннан тұра қалды да, кері қайтқысы келді, бірақ есіне патшазада мен мәңгі жан есіне түсті де, шашын жалмақшөп жармаса алмайтындай басына мықтап орады да, кеудесіне қолдарын айқастырып, жеркенішті жалмақтардың арасымен балықша жүзе бастады. Жалмақшөптің темір қысқаштай сояуларымен іліккенді жармасып жұтқанына көзі жетті: суға батқан адамның қаңқалары, кеменің сынықтары мен жәшіктер, жануарлардың сүйектері, тіпті бір суперінің қалдығы да жатты. Жалмақшөп оған жармасқан да тұншықтырған. Бұл – аса қорқынышты жайт еді!
Міне, ол бауыры сарғыш тартқан жеркенішті су жәндіктері аунап-қунап шұбырған тоғайдың тайғақ алаңқайына жетті. Алаң ортасында адам сүйектерінен тұрғызылған лашық тұр; оның ішінде адамның сәбилеріне ауызымен тәтті сорғызғандай бақа біткенді қоректендіріп сумыстанның өзі отыр. Әлгі жеркенішті жәндіктерді ол балапандарым деп өзіне шақырды да, танауы салпылдаған кеудесіне өрмелетіп қоя берді.
- Айтпасаң да білем, неге келгеніңді! – деді қызға сумыстан. – Қайдағы ақымақтық аңсағаның. Рас, мен саған көмектесем, сенің сорлауыңа қол ұшын берем, ару қыз! Сен өзіңнің қылаш құйрығыңнан құтылғың келеді, оның орнына адамдардағыдай қос тіреуді керек етіп келдің ғой; жас патшазада өзіңе ғашық болғанын қалайсың, сосын өзің өлмес жанға ие болғың келеді, солай ғой!
Деді де сумыстан айналаны жаңғыртып жеркенішті түрде сақылдады келіп, үстіндегі бақа да, жәндіктер де құмға былш-былш түсіп жатыр.
- Жарайды, сен дер кезінде келдің! – деп жалғады сумыстан сөзін. – сенің ертең ертеңгісін келгенің мақұл, әйтпесе, болашақ жылдан бұрын мен саған көмектесе алмаспын. Мен саған сусын әзірлеп берем, сен соны алып, ертең күн шыққанша жағаға жетіп, сол жерде отырып тамшысын қалдырмай ішіп салуың керек; сосын құйрығың екі айырылады да, тіп-тік қана адамдар айтатын қос аяққа айналады. Бірақ өзің денеңе қылыш сұққылағандай ауырсынатын боласың. Оның есесіне сені көргендер естерінен танардай сұқтанатын сұлу боласың! Сен өзіңнің жорғадай жүрісіңді сақтайсың да, сенімен ешбір биші тең келмейтін болады; бірақ есіңде болсын, сен пышақтың жүзімен жүргендей күй кешесің, тайсаң болды аяғың қан болады. Осыған шыдасаң, мен саған жәрдем етем. Келісесің бе?
- Иә! – деді есіне патшазада мен мәңгі жан түскен супері бойжеткен дауысы дірілдеп.
- Есіңде болсын, - деді мыстан, - адам кейпіне енеді екенсің, саған қайтадан супері болу жоқ! Саған теңіздің түбін де, әкеңнің үйін де, әпкелеріңді де көру жоқ! Ал егер де патшазада сені жан-тәнімен сүймесе, сен үшін әке-шешесін ұмытуға әзір болмаса және абызға барып, ерлі-зайыпты болу үшін бір біріңе деген мәңгілік жұптарыңды қосуды өтінбесе, сен мәңгілік жанға ие болмайсың. Ол басқа біреуге үйленген күннің алғашқы таңынан бастап, сенің жүрегің қарс айырылады да, сен теңіз көбігіне айналып шыға келесің!
- Мейлі! – деді супері қыз ақ шүберектей өңі қашып.
- Айтпақшы, сен әлі маған көмегім үшін ақы төлеуің керек, - деді мыстан. – Ал, мен арзан алмаймын! Сенің дауысың таңғажайып, сен сонымен патшазаданың басын айналдырмақсың ғой, бірақ сен дауысыңды маған беруің керек. Мен өзімнің бағасы шексіз суысыным үшін сендегі ең құнды нәрсеңді аламын; өйткені, аса өткір болу үшін сусынға мен өзімнің қанымды араластырамын.
- Егер менің дауысымды алсаң, менде не қалады? – деп сұрады супері бойжеткен.
- Ай мен күндей ажарың, сенің мінсіз жүрісің мен айнадай көздерің қалады – адамның жүрегін жаулауға осылар да жетеді! Ал, сусынымның өтеміне сенің тіліңді кесіп алам!
- Мақұл! – деуі сол еді суперінің, сусын қайнату үшін мыстан барды да қазанды ошаққа қойды.
- Бәрінен де керегі – тазалық! – деді де ол балапандарын уыстап алып қазанды сүртті. Сосын ол кеудесін тырналап қанатып еді, қара қан сорғалады да, бұрқырап буға айналды да, сол бойда қан ғажайып пішіндерге ие болды, ал қыздың зәресі ұшты. Мыстан қазанға әлмәлі әр түрлі дәрі-дәрмек салумен болды; сусын қайнаған кезде, қолтырауынның жылағанындай бүлкілдей жөнелді. Ақырында сұйық әзір болды, оның түсі бұлақтың мөлдір суындай екен.
- Ал, мә! – деді мыстан, суперіге сусынды беріп жатып; сосын оның тілін кесіп алды, супері қыз ән шырқай да, сөйлей де алмайтындай мылқау күйге түсті!
- Қайтарыңда егер саған жалмақтар жармасса, - деді мыстан, - оларға мына сусыннан аздап шашып жіберерсің, сонда олардың қолдары мен саусақтары быт-шыт болады!
Бірақ суперіге олай істеудің қажеті болмады, – оның қолындағы жұлдыздай жылтыраған сусынның түрін көргеннен жалмақтар теріс қарады. Ол батпақтан да, бүлкілдеген иірімнен де тоғайға жылдам өте шықты.
Міне, әкесінің сарайы да көрінді; би залындағы оттар сөніп, бәрі де ұйқыға бас қойыпты. Супері қыздың сарайға кіруге батылы бармады, өйткені, ол мылқау еді, сол күйінде әке шаңырағын мәңгіге тастап шығуға бекінді. Оның жүрегі сағыныш пен қайғыдан қақ жарылардай күйде еді. Ол бақшаларға өтіп, әпкелерінің атыздарынан бір бірден гүл жұлып алды да, туыстарына ауалай сәлем жолдап, теңіздің көкпеңбек бетіне шығуға асықты.
Ол патшазаданың сарайына жақын келіп, оның ғажайып мәрмәр баспалдағына отырған сәтте күн әлі ұясынан шығып үлгермеген болатын. Ай жарығы қыздың жүзін көгілдір шұғыласымен арайландыра түсті. Супері қыз ішті өртер сусынды ішіп салып еді, екіжүзді қылыш өзін қақ айырғандай сезінді; ол есінен танған күйі құлап түсті. Қыз есін жиғанда, күн сәулесі теңіз бетіне шуағын себелеп тұрды; ол тұла бойы күйікке ұшырағандай ауырсынды. Оның алдында тасқараңғы түндей қара көзін қадап, көркем патшазада тұрды; қыз төмен қарап еді, қылаш құйрығы жоқ, оның орнында аппақ та кішкентай ғана екі аяқ пайда болған. Бірақ әлі де бойын билей алмайтындықтан ол өзінің ұзын да қалың шашына оратылып жатқан еді. Жігіт оның кім екенін және қайдан келгенін сұрады, бірақ қыз оған өзінің қою көгілдір көзін жәудіретіп, мұңлы күйде қарады: қыз мылқау еді. Патшазада оны қолынан алды да, сарайға жетектеді. Мыстан расын айтқан екен; супері әрбір адым сайын өткір пышақ жүзімен және иненің ұшымен жүргендей ауырсынды; бірақ қыз оған шыдап бақты және жігітке еріп, ауада жылжыған көпіршіктей жеп-жеңіл жүрді; патшазада мен оның айналасындағылар қыздың сырғымалы жүрісіне қайран қалды.
Суперіге жібек пен бәтестен тігілген киім кигізіп еді, қыз сарайдағы ешкім теңгермес ару болып шыға келді, бірақ ол мылқау болғандықтан бұрынғыдай ән шырқай да, сөйлей де алмады. Бірде жібек пен алтын киімге малынған бірінен бірі өтетін сұлу күң қыздар патшазада мен оның ата–аналары алдында ән шырқады. Олардың бірі әнді жақсы шырқағаны сондай, оған патшазада қол шапалақтап, күлімсіреді; суперінің көңілін мұң жайлады: бір кезде ол да ән салатын және қалай шырқайтын! «Шіркін, патшазаданың қасында болу үшін ғана бұның тілінен айырылғанын білсе ғой!»
Соңынан күңдер таңғажайып әуен сазымен билей бастады; супері қыз да аппақ білегін көтере тізбекке ілесіп, жеп–жеңіл ырғала кетті; мұншалықты ешкім билеп көрмеген! Оны әрбір қозғалысы сұлуландыра түсті, ал көзі болса күңдердің әнінен гөрі сезім әнін салып тұрғандай еді.
Бәрі де мәз болды, әсіресе, патшазада супері қызды өзінің кішкентай олжасы деп атады, қыз болса, әрбір қадамы жанын көзіне көрсетіп ауыртса да, тыным таппастан билеумен болды. Патшазада оны өз жанынан тастамауға бекінді, тіпті, оны өз бөлмесінің есігі алдына мамық төсекті, мақпал жастыққа ұйықтауына рұқсат берді.
Ол атпен серуендегенде қасында еріп жүруге арналған қызға арнайы жігіт киімін тігуді бұйырды. Бозторғайы шырқаған, жасыл бұтағы иықты сипаған орманды екеуі атпен аралайтын болды; екеуі аяғынан қан сорғаласа да, оны жұрттың бәрі көрсе де, супері мәз болып жігітке еріп тау–тасты кезді; тауға шыққанда ол аяқ астындағы өзге елге беттеген құс тізбегі секілді қалқыған бұлттарды тамашалады.
Олар үйде болғанда, супері түнде мәрмәр баспалдақпен түсіп, оттай қызған аяғын салқын суға салып, теңіз жағалап, туған үйі мен тұңғиық туралы ойлауды дағды етті.
Бір күні түнгісін оның әпкелері қол ұстасып алып, қайғылы ән айтып жүзіп келе жатты: ол әпкелерімен көрісті, олар бұған өздерін қайғыға салып кеткенін айтып қамығулы еді. Осыдан соң олар түн сайын бұған келуді әдетке айналдырды, тіпті, бірде ол шалғайдан су бетіне көп жылдан бері шықпаған, басында теңіз патшасының тәжі бар әжесінің де сұлбасын байқады; олар бірақ кенже қыз сияқты жағаға сонша жақын келуге батылдары жетпеді. Күн өткен сайын патшазада суперіге іңкәр бола берді, бірақ жігіт оны тек қана бейкүнә қыз ретінде ғана сүйді, қызды өзіне жар етем деген ойында болмады, ал қызға патшазадаға әйел болу міндет еді, өйткені, ол мәңгілік жанға ие болмай, жігіттің өзге қызбен болатын тойы күні теңіз көбігіне айналуы сөзсіз еді.
Патшазада оны құшақтап маңдайынан сүйгенде, ол көзімен «Сен мені дүниеде бәрінен де жақсы көресің бе?» – дегенді білдірді.
- Иә, мен сені сүйемін!– деді ол. – Сен қайырымдысың, бәрінен бұрын сен маған берілген жансың және сен менің бұрында көрген бір бойжеткенге сондай ұқсайсың! Менің жүзген кемем қақырап, толқын мені қайдағы бір жағадағы жас қыздар қызмет ететін храмға жақын маңға шығарып тастады; олардың ішіндегі ең кішісі мені жағадан тауып алып, менің өмірімді сақтады; мен оны бар болғаны екі-ақ рет көрдім, бірақ мен тек қана соны сүйе алар едім! Сен содан аумайсың, тіпті, әлгі қыздың бейнесін жүрегімнен ығыстырғандайсың! Ол қыз қасиетті ғибадатханаға тиесілі болғасын, менің бақ жұлдызым маған сені жіберді; мен енді сенен ешқашан да айырылмаспын!
«Қандай өкінішті! Ажалдан өзін мен арашалағанымды ол білмейді! – деп ойлады супері. – Теңіз толқынынан оны ғибадатхана тұрған жағаға мен шығарып, көбікке жасырынып, көмекке кім келер екен деп жатқан ем ғой! Оның менен де жақсы көретін ана бір сұлу қызды сонда көргем!– Супері қыз терең күрсінді, бірақ жылай алмады. – Бірақ ана сұлу ғибадатханада қалды, енді олар ешқашан кездеспейді! Мен болсам, жігіттің қасындамын, күнде көрем, оны құрметтей де, сүйе де алам, тіпті жанымды беруге бармын!»
Бірақ патшазаданың көрші патшаның сұлу қызына үйлену үшін оның ғажайып кемесін жүзуге әзірлеп жатқандығы туралы қауесет шықты. Патшазада көрші елді көруді сылтауратып, ал шындығында патшайымды көру үшін бармақ екен; онымен бірге ығай мен сығай қошеметшілер баратын көрінеді. Супері болса, бұл әңгімелердің бәріне де басын шайқап күле беретін – өйткені, ол патшазаданы жақсы біледі ғой.
- Мен жол жүретін болдым! – деді ол қызға. – Мен бір патшайымды қарауым керек; бұның менен ата-аналарым талап етіп отыр, бірақ олар мені оған үйленуге мәжбүр ете алмас, ал мен ешқашан да жақсы көрмеспін! Ол сен ұқсайтын сұлуға ұқсамайтын шығар. Егер маған қалыңдық таңдау керек болса, мен сені таңдармын. Менің мылқау олжам сол, көздерімен сөйлейтін!
Жігіт қыздың ернінен сүйді, оның ұзын шаштарымен ойнап, оның кеудесіне басын қойып, адамдық бақытты аңсаған және мәңгі жанға іңкәр жүрек дүрсілін тыңдады.
- Сен теңізден қорықпайсың ғой, менің олжатайым? – деді жігіт, олар көрші патшаның жеріне шығатын керім кемеге мінгенде.
Патшазада қызға теңіз дауылы мен тымығы жайында, тұңғиықта жүзетін ғажап балықтар туралы, оларды сүңгуірлердің көргені жөнінде айтумен болды, ал супері болса, жігіт әңгімесін тыңдап күлді де қойды, - өйткені, ол теңіз түбі жайында бәрінен де жақсы біледі ғой.
Кеме тізгінін ұстаған адамнан басқасы ұйқыға кеткенде, супері айлы түнде кеме бортынан мөлдір толқындарға қарап отырды; ол әкесінің сарайын көріп отырғандай сезінді; күміс тәжді әжесі болса, мұнарада тұрып алып, толқындар арасынан кеменің ішіне көз салып тұрды. Сосын су бетіне оның әпкелері жүзіп шықты; олар аппақ қолдарын уқалап, бұған мұңая қарады, ал кенже қыз оларға басын бұлғап, күлімсірей тұрып, мұнда бұған сондай жақсы деп айтқысы келді, бірақ осы сәтте бұған кемедегі өспірім бала жақын келіп қалған, әпкелері болса, суға қойып кетті, өспірім оларды теңіздің ақ көбігі деп ойлап қалды.
Ертеңгісін бұлардың кемесі көрші патшалықтың ғажайып астанасының айлағына келіп жетті. Шаһарда соғылған қоңырау үні естілді, мұнаралардан мүйіз кернейлер тартылды, ал найзалары жылтыраған және байрақтары желбіреген сарбаздар сапқа тұра бастады. Мерекелеу басталды, той артынан той өтсе де, патшайым көзге түспеді, - өйткені, ол шалғайдағы монастырда патшалықтың небір қайрымдылығына тәрбиеленуде екен. Ақыры патшайым да жеткізілді.
Супері оған ішіп-жей қарады, оның жүзінен мейірімді де көркем сұлулықты бұрын соңды көрмеген екен. Патшайымның терісі сондай нәзік те мөлдір, ұзын кірпіктерінен көгілдір бейкүнә көздері күлім қағып тұрады екен.
- Сен екенсің ғой! – айқайлап жіберді патшазада. – Теңіз жағасына өлім халінде жатқанымда менің өмірімді сақтаған сен ғой!
Жігіт өкіре бастаған қалыңдығын кеудесіне қаттылап қысты.
- Шіркін, мен сондай бақыттымын! – деді ол суперіге. – Аңсауға батылым бармаған арманым орындалды! Сен менің бақытыма ортақсың ғой, сен мені сүйесің ғой, солай ма?!
Супері жігіттің қолын сүйді, қыздың жүрегі қақ айырылатындай: өйткені, енді оның некетойы өзін өлтіріп, теңіз көбігіне айналдырады ғой!
Шіркеу қоңыраулары соғылып, көше бойын хабаршылар патшайымның атастыруы жайында жария етіп, азан-қазан етуде. Неке қиылар орынға жұпаршөп түтетілді. Күйеу мен қалыңдық қол ұстасып, діндардан бата алды. Жібек пен алтынға малына киінген супері қыз келіншектің желбегейін ұстап тұрды, бірақ оның құлағы көңілді әуенді естімеді, көзі жарқ-жұрқ салтанатты көрмеді, ол өзінің ажал құшар сағатын, өмірінің мәні жойылғанын ойлады.
Сол күні кешкісін күйеу қалыңдығын алып құдалар қайтуы керек болды; зеңбірек атылып, жалаулар ілінді, палубаға алтынмен апталған сәнді шатыр тігілді, ішіне мамықтан төсек төселді; жанға жайлы қоңыржай түнде жас жұбайлар шатырда некетүн өткізбек еді.
Желкендерді жел кеуледі, кеме орнынан баяу ғана жылжып, толқынды қуалай теңіз айдынына шықты.
Алуан түсті жүздеген шамдар жағылуы сол еді, сукештер палубаға билей жөнелді. Супері өзінің тұңғыш рет су бетіне шығып, осындай көңілді кешті көрген сәтін еске алды. Міне, ол тағы да ырғала басып, қаршығаның арбауына түскен қарлығаштай жеп-жеңіл биіне басты. Бәрі таң-тамаша қалды: ол өзінің қысқа өміріндей бұлайша билеп көрген емес еді! Оның нәзік аяқтары пышаққа тілінгендей ауырды, бірақ ол оны сезбеді – жүрегінде одан да зор салмақ бар еді. Ол өзінің туыстары мен туған ошағын мәңгі қалдырған, өзінің ғажап дауысын құрбан етіп, күн сайын адам төзгісіз азапқа мойын ұсына жүріп сүйген адамымен бірге соңғы кешті өткізетінін білді. Бірақ ол адам оның мұнша сүйгенін сезбеген де еді. Онымен бірге ауа жұтуға, көк теңізді, жұлдызды аспанды көруге осы түн бұйырған еді, одан әрі оған ойсыз да, тәтті түс көрмейтін мәңгі түн орнамақ. Өйткені, оған мәңгілік жан дарымады емес пе! Түн ортасы ауғанша кемеде би мен әуен тыншымады, жүрегінде тастай ауыр азабы бар супері болса, күлумен болды; патшазада болса, өзінің ару қалыңдығын сүюмен болды, ал ол оның бұйра қара шашымен ойнады; ақырында екеуі қол ұстасқан күйі таңғажайып шатырға кіріп ғайып болды.
Кеме айдаушы тізгіншіден басқасының бәрі тыншыды. Супері қыз өзінің аппақ қолдарын кеме қорабының қырына тіреп, жүзін шығысқа беріп, өзін өлімге жығатын күннің алғашқы сәулесін күтіп тұрды. Кенет ол теңіз бетіне шыққан өзінің әпкелерін көріп қалды; олар да кенже қыздай жүздері оңып кеткен, ал қиылған шаштары бұрынғыдай желбіремеді.
- Біз өзіміздің шаштарымызды сені ажалдан құтқару үшін мыстанға бердік! Ал ол бізге мына бір өткір пышақты берді, көрдің бе? Күн шықпастан бұрын сен мұны патшазаданың жүрегіне сұғуың керек, сенің аяқтарыңа шашыраған оның қанынан саған қайтадан аяқ орнына қылаш құйрық өседі де, сен супері күйіңе қайта енесің, теңізге түсіп, тұзды теңіз көбігіне айналмастан бұрын бізбен бірге үш жүз жыл өмір кешесің. Қане, тездет! Таң атқанша екеуіңнің бірің өлуің керек! Біздің кәрі әжеміздің қайғыдан ағарған шашының бәрі түсіп қалды, ал біздің шашымызды мыстан қырқып алды! Жігітті өлтір де бізге қосыл! Тездет енді, көрдің бе, аспанда қызыл сызық пайда болғанын? Қазір күн шығады да сен өлесің ғой!
Супері қыз шатырдың қарақошқыл пердесін көтеріп еді, ару қалыңдықтың басы жігіттің кеудесінде жатыр екен. Қыз еңкейді де жігіттің кере қарыс маңдайын сүйді, таң рауаны біліне бастаған аспанға қарады, сосын өткір селебеге қарап, келіншегінің есімін күбірлеп жатқан патшазадаға көзін тағы салды – оның ойында тек қана біреу екен! – суперінің қолындағы пышақ дір етті. Енді бір сәтте қыз пышақты қан тулаған толқынға атты, ол жер патшазаданың кемеден құлаған маңы болатын. Супері қыз жартылай семген жанарымен жігітке соңғы рет қарады, ол кемеден теңізге қойып кеткенде бойы балқып, көбікке айнала бастаған еді.
Теңіз үстінен көтерілген күн сәулесі сап-салқын теңіз көбігінің өлігін аялап жылыта бастады да, супері өзін құшқан ажалды сезген жоқ; ол жарқыраған күнді және өзінің үстінен төнген мөлдір де сүйкімді жаратылыстарды көрді, ал олардың арасынан кеменің аппақ желкендері мен аспанда қызғыш бұлттар қалқып барады; олардың дыбысы әуенге ұқсайды екен, бірақ сондай нәзік, оны адамның құлағы шалмас еді де, олардың өздерін адамның көздері көрмес еді. Қанаттары болмаса да олар ауада ерсілі-қарсылы жеңіл ғана кезіп жүр. Супері өзінде де сондай дене барын сезді де, теңіз көбігінен бөлініп барған сайын алыстай берді.
- Мен кімге барамын? – деп сұрады ол әуелегенде, дауысы ғажап әуен секілді екен, ондай әуенге жердегі дыбыстар жетпес еді.
- Ауа қыздарына барасың! – деді оған ауа жаратылысы. – Суперіде мәңгі жан болмайды, бірақ оны өзіне дарыта алады, егер оны адам сүйе алса. Оның мәңгі ғұмыры біреудің ырқына тәуелді. Ауа қыздарында да мәңгі жан болмайды, бірақ ондай бақытқа олар қайырымды істерімен жете алады. Біз ауасы қапырықтанып, қапастан адамы өлетін елдерге барып ауасын қоңыржайландырамыз. Біз ауаға жұпар иіс таратып, адамдарға дәру мен шаттық боламыз. Біз қайрымдылықпен үш жүз жыл өткіземіз де, соның өтеміне мәңгі жанға ие болып, адамдарға тән мәңгі рахат өмірге қол жеткіземіз. Сен бейшара супері біз секілді қайырымды мақсатқа шын жүректен ұмтылдың, сен ғашық болдың, сол үшін азап шектің, енді бізбен бірге көк әлеміне көтеріл. Енді сен өзіңе тиесілі мәңгі жанды үш жүз жыл өткесін дарытатын халды сіңірдің!
Супері өзінің мөп-мөлдір қолын күнге қарай жайып еді, алғаш рет көзінен аққан жасты сезді.
Бұл уақыт ішінде кеменің іші қозғалысқа кіріскен-ді. Ал, супері болса, өзін патшазада келіншегімен екеуі қалай іздеп жүргенін көрді. Олар қыздың суға кеткенін анық білді де,толқындағы көбікке мұңая қарады. Көрінбейтін супері сұлу келіншектің маңдайынан сүйіп, патшазадаға күлімсіреді де, ауа құрбыларымен бірге қалқыған қызғыш бұлттарға қарай өрледі.
Үш жүз жылдан соң біз Жаратқанның патшалығына жататын боламыз!
- Одан да бұрын болуы мүмкін! – деп сыбырлады ауа қыздарының бірі. Біз көрінбестен адамдардың баспанасына енеміз де, баласы бар үйге, егер ата-аналарының қуанышы мен сезімдерін үстемелейтін қайырымды да тәрбиелі бөбек болса, біз бақытқа кенелеміз. Бөлмені кеулеген бізді бала көрмейді, егер де біз сүйкімді балаға риза болсақ, үш жүз жылдық мерзім бір жылға қысқарады. Ал, бөлмеден қатыгез, ата-анасын заржақ ететін бала көрсек, біз ашынып жылаймыз да, әрбір көз жасы біз сыналатын мерзімге тағы бір күн үстемелейді!

Комментариев нет: