пятница, 31 августа 2007 г.

ӨЛІСПЕЙ - БЕРІСПЕ!

Біздер, қазақтар, он жыл бұрынғы тәуелсіздік эйфориясынан әлі арылмай, той тойлаумен келеміз. Шын мәнінде, Қазақстан Ресейге тәуелділіктен құтылғанмен, оның халқы ол бодандықтың орнына дәл сондай деңгейдегі тәуелділікке ұшырап келеді және бұл бір ғана сөзбен бадырайып тұрған бодандық емес, әр қилы да күрделі жағдай.Халықтың саяси бодандығы өзінен шыққан билікке тәуелді болып, дегенін істете алмай, Совет өкіметі кезіндегі барынан жұрдай болып, талан-таражға көз бе көз түскеніне куә болумен шектелуінен көрініс беруде. Қазір қарапайым жұрттың өз мүддесін айтып істетпек түгілі, шағынатын мемлекеттік органы қалмай отыр. Өкілетті орган (Мәжіліс,мәслихаттар) ешбір құзырсыз, уыста болса, демократиялық қоғамға тән соттасу жолымен халықтың мәселе шешуі атқару билігі мен сот билігінің ым-жымы біріккен мүддесін бұзумен пара пар шаруаға айналды. Жемқорлықтың бірден бір ұясына айналған атқару билігі жуық арада ел тәуелсіздігі туралы биік мүддеге мойын бұруға шамасы жоқ.
Ал, экономикалық бодандық сыртқы және ішкі күштердің қоян-қолтық сыбайласуының нәтижесі ретінде көрініс беруде. Анықтай кетсек, халықты сыртқы тәуелдендіруші күш ретінде шетелдік инвесторларды атап, ішкі күш ретінде олармен жымдасқан жергілікті билік пен кәсіпорыннан орынтақ тиген жаңа буржуазия өкілдерін атауға болады.
Бұл бодандық субиектілеріне қазақстандықтардың демократиялық сананы сіңіре алмай, либералдық экономикадан тиістісін алудың жолын білмей дағдаруы да қосылады. Демократиялық сана қоғамда демократиялық қорғаныш жүйесін құрумен және оны іске асырудан көрініс берер еді. Айталық, қазіргі акционерленген кәсіпорындарда жұмысшылар мен қызметкерлер, олардың жанұялары өздерінің құқын, әлеуметтік талабын тек қана тәуелсіз кәсіподақ арқылы жүзеге асыра алады. Ал, ол үшін әлгі кәсіпорында жұмыс істейтін азаматтардың оны құруға, өз жарналарын әлгі тәуелсіз кәсіподаққа беруге жігері мен тәуекелі болуы керек. Тәуелсіз кәсіподаққа кіргені үшін жұмыстан шығарылатынына алдын ала дайындығы болуы тиіс. Бастапқы кезде бұл құрылым ойдағыдай болмаса да, бодан қылушы кәсіпорынды тізгіндеудің бір жолы осы ғана. Ал, қазіргі тәуелсіз Қазақстанның жас пролетариаты жан –жаққа үндеу тарату мен мақала жазуды қорғаныш көріп, одан ешбір нәтиже шықпағасын жігері құм болып, көз бе көз пышырауды бастан кешуде. Бұл жағдайды саралап, оның қаншалықты мемлекетке қауіп екенін сезіп, шара қабылдап отырған үкімет те, өкімет те жоқ. Бар болғаны қол-аяғы кісендеулі тәуелді кәсіподақтарды жетектеп келіп, “үш жақты келісімшарт” жасап, халық алдында талғажау саясат ретінде соны бетке ұстай береді. Бұл да бір бейшаралықтың көрінісі. Бұл да тәуелденген халықты тәуелді ете түсудің бір жолы.
Ал, Жаратқанның “қорғанғанды қорғайтынын” ескерсек, қорғаусыз жылап-сықтаған жұрт өзіне деген тек қана мүсіркеу сезімін ғана туғызудан арыға бармайды, сол қорғанышсыз күйінде тоз-тоз болып қала береді. Өйткені, өмір заңы - сол, тек қана өліспей, беріспеудің жолында өзің ғана қармануың керек, өзің ғана! Соған жетелейтін жігер мен бірігіс керек!
Қазіргі дүниежүзілік саясатты пішу үстелінде жер бетін глобализациялау міндеті тұрғанда, есі дұрыс, етек-жеңі жинақы мемлекеттер халқын сол мәдени-рухани, экономикалық-әлеуметтік тасқынға қарсы қоюға даярлауға көшуде. Ал, біздің биліктегілердің солармен қосылып елді талаудан жүзі жанатын уақыты келген сияқты. Ал, келмесе - ойлану керек...

2001 ЖЫЛ

Комментариев нет: