суббота, 1 сентября 2007 г.

ҚАМЫТ

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
(әңгіме)


Біз не көрмедік. Қазақ жұрты, қазақ халқы не көрмеді. Бұл оқиғалар соның бір үзігі ғана.
* * *
Сәбет үкіметі бөркін теріс айналдырып киіп, өмірден озған күні біздің ауыл қатты қайғырды. Әсіресе соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы сол күні-ақ төсек тартып жатып қалды.
Ауылды ауыр мұң басты.
Осы совхозға баяғыда колхоз тұсынан еңбегін сіңірген әжелеріміз, қабыршақ еріндері дірілдеп, бір-бір тамшы көз жастарын ышқынып шығарып тастады. (баяғыда Сталин өлгенде бір жылаған). Осы сәтті күтіп тұрған еңбекші қауым, ұйымдасқан түрде үш дүркін ''Ой, бауыр-ем...'' деп дауыс салды.
Оқиғаның шарықтау кезеңі болса керек, мектеп оқушылары мен балабақшадағы бейкүнә сәбилер ата-аналарының қатты абыржуына таңданып, пысықтау біреулері жорамал жасап ана қой ауылдағы Әңгелек ата өлген ғой деп тұспалдады. Жоқ, жағдай одан да қиын екен. Күллі адамзатты ''Зор бақытқа кенелтуші'' Сәбет үкіметі өліпті. Жағдай қиын...
Ауылды ертеңінде де ауыр мұң басып тұрды.
Арғы күні де осылай болды. Облыс, аудан жақтан ешқандай нұсқау болмаған соң, біздің ауыл белді бекем буып, тайлы-таяғымен ақылдаспаққа Мәдениет үйіне жиналды. Жиналыстың күн тәртібіне: ''Енді не істейміз?'' және ''Кімге басұрамыз?'' деген екі мәселе қаралатын болды. Кезектен тыс ауыл құрылтайының төрағалығына сайланған бұрынғы партком орнынан ауыр қозғалып, бар денесімен бұрылып төрде ілініп тұрған орақ пен балғаның алқызыл бейнесіне қарап ұзақ күрсінді. Жұрт күңіренді. Партком аса аянышты үнмен былай деді: ''Уа, халқым қайғыларыңа ортақпын, өлмектің арнынан өлмек жоқ''... Сөз осымен тәмәм. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе шешілген сияқты.
Екінші, мәселе ''Кімге басұрамыз?''. Түсінікті. Біздің ауыл біреуге басұрмаса өздігінен өмір сүре алмайды. Компартия жоқ, Ленин жоқ, Совет одағы жоқ, қайтпек керек. Жиналыс екі күнге созылды. Көрші ауыл, ауданға аттанған шабармандар еш жаңалық әкелмеді. Оларда күйзелісте екен...
Жиынның үшінші күні. Түскі үзіліс жарияланды. Жұрт жапырылып сыртқа шығып жатқан. Парткомның: ''Таптым, халқым '' - деген қуанышқа толы ащы даусы қара түнекті тіліп, жарық еткен найзағайдай естілді. Жұрттың санасына үміт сәулесі оянды. Жасаураған жанарларында ұшқын ойнап, баяғыдай ''ұлы патриоттық'' қандары қызып сала берді. Ауылдың кәнігі арызқойы, жұрт ''шпион'' атап кеткен бәкене шал ''Ура'' - деп ұрандады. Әсіресе, ''Ураның'' даусын естісе ес-түстен айырылып отқа түсіп кететін соғыс ардагерлері таяқтарын лақтырып жіберіп барлығы сахнаға шығып кетіпті. Ентігіп әрең тұр. Жұрт бір мезет тынышталғанда баяғы партком ''Таптым''- деді. Жұрт бірауыздан ''Нені''- деді, ентігіп. Партком сиқырлы жүзін құбылтып, масаттанып, мақтанып, сұқ саусағын шошайтты. Артына бұрылып көк тіреп тұрған сұқ саусағын жаймен түсіріп төрдегі орақ пен балғаға бағыттады. ''Осы''- деді: - бұдан былай өлген одақты еске сақтау үшін ''орақты'' иіп доға жасап, ''балғаны'' бау істеп Қамыт киеміз. Бізді осы Қамыт құтқарады. Жұрт сәл ойланып қалды. Мектепте тарихтан сабақ беретін ауыл ''қыңыр Қадыр'' атап кеткен мұғалім: ''Уа, партком қамыттың жаңасын жасап қайтеміз бұрынғы қамытымызбен жүре берсек болмас па?''- деп сауал тастады.
Бұрын байқамаған екенбіз-ау қарасақ бүкіл ауыл қамытпен жүріппіз. Оны қашан, қайда, нендей себеппен киіп алғаны ешкімнің есінде жоқ. Жұрттың білетіні Көкірек-ата әулетінің қамытына 300 жылға таяған екен. 1981 жылы осы қамыттың кигізілгеніне 250 жыл болған ұлы құрметті бұл Республика болып 30 күн тойлағаны ел есінде қалыпты.
Кім білген ''орақ-балғалы'' қамыттың жалпы формасы бірдей болғанымен, үлкенді-кішілі әр түрлі екен. Ең үлкен, ең әдемі, алтын жалатқан, егіннің бидайығымен көмкерген ''Алтын қамытты'' ел ағалары, құрметтілер ғана киуге құқылы. Осы ''Алтын қамыт'' үшін күллі Қазақ даласына аса күшті жойқын майдандар ұйымдастырылыпты. Майдан алаңында қаламгерлер, ғалымдар, өнер адамдары, ерекше көзге түсіп, қырғын талас-тартыс болып тұрыпты. ''Алтын қамытқа'' айтылған мадақ-мақтаулар, ода-дастандар желдей жүйкіп, көлдей көлкіпті.Қара халық болса өздерінің ''Қара қамытына'' шүкір етіп өсер ұрпағын ''Алтын қамыт'' майданы үшін оқытып-тоқытып, өскенде қызығып көруді мұратым деп іштей тынғанда қойған...
Осы күннен бастап ауылда ''Қамыт жаңалау'' науқаны басталды. Ақсақалдар:''Қарақтарым! Бізді қайтесіңдер, ескі қамытымыз жетіп жатыр''- деп бас тартты. Ұстаздар қауымынан баяғы ''қыңыр Қадыр'' бастама көтеріп: ''общем қамыт кимей өмір сүрейік''- деген екен. Оны партком сол күні атып жаралады. Ел болса: ''Өзіне де обал жоқ, баяғыда Ахаң, Жақаң дегендер қамыт кимейміз деп атылып кеткен еді''- деп, жаралының бетіне ауыл түгелдей түкіріп шықты.
Бесінші күні дегенде ауыл тынышталды. Әркім өзінің бұрынғы қамыттарын қайта киіп, іске кірісті. Ауылдағы саяси ахуалдан сезіктенген компартия мүшелері комиссия құрып, мектеп оқушыларының, балабақшадағы сәбилердің қамытын тексеріп шықты. Бәрі дұрыс. Қамытта тұрған ештеңе жоқ, тек қарнымыз тойса болды...
Бір күні оқыс оқиға болды. Ауылдың шет жағындағы Үшкірдің үлкен баласы ескі қамыт киуден бас тартыпты. Оны қолға түсіру үшін аттанған ''Ауылдық кеңес'' мүшелері орнын сипап қалды. Ауданға қашып кетіпті. Онда да тоқтамай, Алматы арқылы Түркияға өтіп кеткен. Елден ұят болды. Масқара болды. Ол бала қамытсыз қалай өмір сүреді, ә!...
Бұл басы ғана екен. Екі күн өтпей тағы жаңалық болды. Бригадр Мәмбеттің қаладағы баласы шетелдік бір ұйымға кіріпті де солардың қамытын киіпті. Өзінің қамытын біреу-міреуге керек болар деп ауылға беріп жіберіпті.Қажеті жоқ болса темір жинаушыға өткізе салсын! Мұны естіген үлкен әжесі дауыс салыпты. Қанша дегенмен замана ағымын пайымдайтын, ескі мен жаңадан хабары мол бригадр Мәмбет көңіл айтып келгендерге; ''бұл басы кешікпей әр шаңырақ шайқалады, дайын болыңдар''- депті тайсалмай тіке қарап.
* * *
Арада алты жыл өткенде бригадрдың айқаны айнымай келді. Ауылға алдымен Үшкірдің Стамбулде оқитын баласы ат басын бұрды. Бірден мешітке барып уағыз айтыпты. Есігендер айтады, әңгімесі әсерлі екен деп. Өзімен бірге бірнеше мөшек қамыт ала келіпті.“Ислам - дін бауыр - түрік қазақтың досы” – тақылеттес әсерлі сөздеріне елтіген кейбіреулері бұрынғы қамыттарын тастап, жаңа қамыт киіп алыпты. Ауыл оны “Түрік қамыт” – деп атап кетті. Шынында бұл әдемі қамыт. Бұрынғы қамытты (ауыл оны қамыт түрі көбейгендіктен, “Орыс қамыт” деп атаған еді) босатып жерге қоюға, моншаға барғанда уақытша үйге қалдыруға ешкімнің құқысы жоқ болатын. Түрік қамыт олай емес екен. Ұйықтағанда шешіп тастайсың. Әрі жеңіл, тіпті кейбір қысылтаяң жағдайда орындық етіп отыруға да болады. Рахат. Әрі арзан.
Осылай күн өткен сайын қамыттың не бір түрлерін ауылға әкелушілер көбейді. Қамыт таңдайтын дәрежеге жеттік. Рахат. Қытайдан тауар таситын саудагерлер арқылы “Қытай қамыты” келді. Оны мойныңа ажырғылап жатпайсың сұқ саусағыңа кигізе саласың. Ауылдағы алып-сатарлар ешкімге дабыра қылмай-ақ баяғыда саусақтарына іліп алыпты. Жеңіл-желпі осы қамыт оңтайлы сияқты деп, жүр ауылдағылар. Әрі болашағы зор дейді. Сіңірген еңбегіне қарай, жүзік – білезікке, білезік – алқа қамытқа айналады екен. Бәрекелді.
Содан бір күні баяғы Қадыр мұғалім бір әулеттің қамыт жаңалау тойында бүйректен сирақ шығарып былай депті: - біздің қазаққа қамытсыз өмір сүретін заман келген жоқ па, егерде қамытсыз өмір сүре алмайтын болсаңдар өзіміздің “Қазақ қамытты” неге кимеске... Жаңа қамытқа қолы жетпей, ескі “Орыс қамытты’’ қомсынып жүрген бір топ: “Киеміз, “Қазақ қамытты’’ қазақ емеспіз бе, аталарымыз батыр болған’’... – деп өре түрегеліпті.
Халықтың сүйіспеншілігінен қуат алған Қадыр мұғалім, ертеңінде-ақ елдегі ең үлкен қалаға аттанып кетті. “Қазақ қамыт’’ тауып келмек үшін. Қандай, патриот шіркін. Жиырма күн өткенде арып – шаршап, жүдеп – жадап сүйегін сүйретіп ауылға әрең келді.
Екі ұрты опырылып ортасына түсіпті. Бұрынғы “қазағым” дегенде ұшқын ататын көзіндегі шоқ сөніп, күлімсі күлге айналыпты. Себебі: Қадакең үлкен үмітпен, үлкен қалаға барған. Үлкен кісілерге өлдім-талдым дегенде кірген. Содан не дейсіз ғой, ұлттық “ Қазақи қамыт’’туралы айта бастағанда-ақ сөзінің артын тыңдамай маңдайынан бір-ақ ұрып талдырған. Есін түрмеде жинаған. Үлкен қаладағы, үлкен кісілер біздің ауылдың түсіне кірмеген гауһар тастан жасалған қамыттар киіп алыпты. “Американ қамыт’’, “Ағылшын қамыт’’, “Еврей қамыт’’, “Кәріс қамыт’’, “Ресей қамыт’’, өте көп. Тіпті кейбір қолы жеткендерде екіден-үштен бар екен. Қажет кезінде, қажетті жерге, қажетті елге ауыстырып кие береді.
Қадыр мұғалім осылай деді.
* * *
Содан бір күні Тәуелсіздіктің тағы бар дөңгелек датасы тойланды. Біздің ауыл түрлі-түрлі қамытқа сартылдап ұзақ биледі...

Комментариев нет: