пятница, 31 августа 2007 г.

Астананың жер астынан жік шықты...

Қазақстан президентінің бастамасымен, Астана қаласындағы жеңіл көлік қаңтару орындарын жүйелеу мақсатымен тиімді қаңтарғылар (паркинг) салуға арналған аймақтық бағдарлама қабылданып, соның аясында 23 жерасты қаңтарғысын салу жоспарлануда. Алайда, бағдарлама өзінің алғашқы қадамынан сүрініп отырған сыңайы бар. Аталмыш бағдарламаны құрылтайшысы Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаменті болып табылатын “Паркинг ГХК” ЖШС тапсырысшы ретінде жүзеге асырмақ. Бұл серіктестік құны 1 млрд теңге тұратын әрбір жерасты қаңтарғысын салатын мердігерді тендер жариялау арқылы таңдауы тиіс. Бірақ, тендер барысында, бұдан екі жыл бұрын “Казахстанская правда” газетінде (2005ж, шілде, “Бодигарды” для города”) жарияланған мақалада жобалау жұмысына қатысқаны үлкен күмән тудырып, біршама сыналған “ВЭН” ЖШС жеңіске жетіпті. Сол кезде казправдалықтар кәсіпқой жобалаушы түгілі фирманың офисін де іздеп таба алмаған, яғни мақала авторы фирманың шынайы екендігіне күдік келтіріпті. Бірақ тендерді жүзеге асыру - біздің елде өзгелерді мердігер етіп, қаржының қомақты мөлшеріне қол жеткізудің тиімді жолы екені жасырын емес. Қалай болғанда да, елдің бас газетінде атышулы болған сол фирма алғашқы миллиардтық жобаны іске асыруға кірісіп отыр.
Қаланың аталмыш маңайындағы тұрғындар мен Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалы драма театрының және №1 емхана ұжымдарының мүддесін қорғаушы “Право” қорының басшысы, о баста экологиялық мәселе ретінде көтерілген жайттың арты заңдылықтың оңды-солды бұзылу көрінісіне тіреп отырғанын айтады. Чаус: “Астанадағы үлкен құрылыстың қалқасында, заңдылықтың белден басылып жатқанын былай қойғанда, шенеуніктердің бетбақтығына қайран қалмау да, құрылыстың заңдылығын бақылауға тиісті органдардың жайбарақаттығына таң қалмау да мүмкін емес” – дей келіп, олардың қай-қайсысы да жұртшылықты теріс ақпараттандырумен қоймай, шынайы жағдайды бұрмалап, алдаусырататынын жеткізді. А.А.Чаус мырза Астанадағы Сейфуллин-Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы гүлбақ (сквер) астынан төрт қабатты жерасты қаңтарғы құрылысының басталуына байланысты туындаған сол маңдағы тұрғындар мен ұжымдардың мүддесін қорғау мақсатында, Астана қаласын абаттандыру жөніндегі ережемен танысу барысында, аталмыш ережені қаладағы құрылыс жұмыстарының көпшілігі заңсыз жүріп отырғандығына көзі жетіпті. Ереже бойынша, құрылыс жұмыстарын дайындауға қажетті рұқсат жоқ, аталмыш құрылысқа наразылық туындаған соң және дайындықты бітіріп болғаннан кейін барып, қалалық Сәулет және құрылыс департаментінен рұқсат алған. Сөйтіп, бұған дейінгі әрекеттің бәрі де заңнан тыс атқарылып келген. Сол сияқты құрылыс алаңында қалып отырған жасыл алқап жөнінде де жергілікті экологиялық мекемелерден тиісті келісім алынбаған. Тұрғындар ережеге байланысты тиісті құжаттарды талап етіп, құрылысшыларды жұмысқа жібермей қойғасын, олар тәртіп сақшыларын шақырып, күш қолдануға ұмтылды. Дегенмен, жұртшылық өздерінің талап еткен құжаттарын талап ету арқылы, экологтардың да, полицияның да көзін жеткізіп, құрылыс жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Сонда, өзара жүйелі түрде бірімен бірі байланыста болып, заңдылықты сақтауға тиісті бет-бетімен кеткен жергілікті мемлекеттік органдардың тәртібін үйлестіретін кім болғаны? Ең әуелі құрылыс алаңы жөніндегі зерттеу актысын жасау керектігі мен Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан жасыл алқапты көшіруге тиісті рұқсатын алып, коммуналдық шаруашылық департаментімен келісіп және Сәулет және қала құрылысы департаменті жобаны бекіткеннен кейін ғана құрылысқа кірісу мүмкіндігі бар еді. Бір қызығы, бұзылған заңдылықты бақылап, оған тойтарыс беретін орган дер кезінде емес, жұртшылықтың талап етуінен соң ғана іске кірісіп отыр. Айталық, жасыл алқапты рұқсатсыз көшіріп тастағанда, оның жайы не болары белгісіз еді. Сөйтіп, жұртшылықтың талабынан туындаған заңдылықты сақтау аясындағы келісім құжатты екі аптадан асса да, әлі күнге дейін “Паркинг ГХК” ЖШС ала алмауда. Өйткені, олар өтініште құрылыс алаңында гүлбақтың бар екендігін көрсетпеген, оған тиісті рұқсат беруші мекемелер тұрғындардың наразылығынан кейін ғана назар аударуда. Бұған дейін, бұл ЖШС гүлбақтағы ағашты сол күйінде қаңтарғының үстіне орналастыратындығына уәде берген, алайда жобада ол көрсетілмеген.
Өтініште құрылыс нысанының орны: “Омаров көшесі, 53 үй маңы” деп көрсетіле салыпты, ал шын мәнінде, құрылыс алаңының орны №1 қалалық емхана мен Қазақ драма театрының арасындағы гүлбақ екен. Зейнеткерлердің айтуынша, бұл маңда ҚР президенті аппаратының жетекшісі Ә.Жақсыбеков пен Астана қаласының әкімі А.Маминнің балалық шақтары өткен.
Әуелгі айтылғандай, гүлбақтағы жасыл алқапты сол күйінде қайта қалпына келтіру жоба сызбасында атымен жоқ, жоба бойынша гүлбақ сылынып тасталып, орнына қаңтарғы ғана салу жоспарланғанын жасыру мүмкін емес. Мұның бәрі - мәселенің бір жағы, ал екінші жағында жобаланған жерасты қаңтарғысын салудың мүмкіндігі бар екендігіне тәуелсіз сарапшылар теріс пікір айтуда. Құрылыстың техногендік жағы зерттелмеген, әсіресе, тереңдігі 14-14,5 м апан қазылмақ, ал жерасты суы 1,5-2 м тереңдікте екенін ескерсек, одан құтылудың амалы тағы қарастырылмаған: ол суды шайындыға жіберуге болмайды – құбырды бүлдіреді, айдап тауысу тағы мүмкін емес. Ал, бұл мәселеге “Паркинг ГХК” ЖШС директоры, Ілиясов мырзаның айтары болмай отыр. Гидрогеологтардың айтуынша, бұл құрылыс солайымен авантюра көрінеді. Өйткені, жерасты суын Совет өкіметі тұсында екі рет айдап көрген, одан ештеңе шықпапты. Оның үстіне, аталмыш гүлбақта төрт қабатты жерасты қаңтарғысын салудың өзі Сейфуллин көшесіндегі тозығы жетіп, іргетасы әлсіреген 26/1 үйге аса қатер төндіретін түрі бар. Қазырдың өзінде оның іргетасы 78 см-ге отырған, қабырғасы жарыла бастаған. Бұған гүлбаққа тиіп тұрған №1 емхананың ескі ғимараты да “үлес” қосуға дайын. Қысқасы, айырықша жобаға техногендік сараптама тағы жоқ.
Айтпақшы, аталған ереже бойынша, құрылысқа рұқсат алу керекті толыққанды жоба жасалмаған, ондай жобаның сұлбасы тұрғындармен арадағы жағдай ушыққан соң ғана, жуырда пайда болған. Заңдылықтың мұншалықты бұзылып, тендерді ұтқандардың атүсті іске кірісуінің өзі ойды он саққа жүгіртеді. Чаустың пікірінше, бұл елордадағы жүйелі қалыпқа түскен ахуал көрінеді.
Егер салынуға тиісті 1 млрд теңгелік қаңтарғының тұңғышының тағдыры бұлай болса, қалған 22-сі не болмақ?!

Комментариев нет: