вторник, 7 августа 2007 г.

ТҮЙМЕ ҚЫЗ

("Бота" блогындағы боталарға арналады)


Х. АНДЕРСЕН
ЕРТЕГІ

Ерте, ерте, ертеде бір әйел болыпты; ол бала асырап алғысы келді, бірақ оны қайдан алсын? Сөйтіп, ол тәуіп кемпірге барып былай деді:
- Мен бала асырап алғым келеді; баланы қайдан тапсам екен?
- Сол да сөз бе! – деді тәуіп. – Мә, саған арпаның дәні; бірақ бұл жай дән емес, егетін де, тауыққа шашатын да емес; мұны гүлқұмыраға егесің, сосын көресің не боларын!
- Рахмет! – деді де әйел тәуіпке он екі мәнет берді; үйіне барып әйел арпа дәнін гүлқұмыраға егіп еді, сол бойда бәйшешекке ұқсас үлкен әсем гүл өсіп шыға келді, бірақ ол әлі шешек атпаған күйі бүрісіп тұрған еді.
- Қандай керемет бәйшешек! – деді де әйел оның сары жолақты қызыл шешегін сүйіп алды.
Гүл бүлк етті де, шешек атты. Сөйтсе, бұл нағыз бәйшешек екен, оның шұңғылында жасыл орындықшада түймедей ғана қызбала отыр. Ол сондай нәзік те, кішкентай, бойы шынашақтан да кіші еді. Сол себепті оның есімі Түйме болды.
Оған бесікті жаңғақтың жылтыр қабығынан жасап, көгілдір майдагүл - төсек болып, ал раушангүлдің шешегі жамылғыға жарады; қызбала түнгісін бесікке бөленіп, ал күндіз ол үстел бетінде ойнады. Үстел үстіне әйел табақшаға су құйып қойды да, оның жиегіне гүлдесте сүйеді; суға гүл сабақтары малынып, ал ыдыс жиегінде қызғалдақтың жалпақ шешегі қалқып жүрді. Бұл шешекті қайық етіп Түйме қыз табақшаның бір шетінен келесі шетіне өтіп жүрді; ескек етіп ол аттың екі ақ қылын алды. Бұл бір тамаша көрініс еді! Түйме қыз ән шырқай алатын, оның нәзік те әсем дауысын бұрын - соңды ешкім естімеген!
Бірде ол бесігінде жатса, терезенің сынығынан ішке былшырақ та сиықсыз балпанақтай бақа ыршып кірді! Майдагүл жамылып, жайбарақат бесікте жатқан Түйме қыз, бесігімен үстел үстінен бір-ақ шықты.
- Ұлыма қалыңдық табылды! – деп бақа, қызды жаңғақ бесігімен бірге алды да терезеден баққа бір-ақ ырғып шығып кетті.
Бақты жағалап үлкен өзен ағып жататын; жағасы қапас та, жабысқақ балшық еді; осындағы балдыр арасында бақа ұлымен тұратын. Ища-ай! Бақаның баласы да шешесінен аумаған жиіркенішті еді!
- Ба-аақ, ба-аақ! – деп бақылдауды ғана білетін ол, жаңғақ бесіктегі титтей қызды көргенде де айтқаны сол болды.
- Тыныш! Оянып кетсе, бізден қашып кетер, - деп ойбай салды кемпір бақа. – Қыз аққудың мамығынан да жеңіл екен! Оны өзен ортасына жалпақ жапыраққа жайғастырайық - бұл дегенің титтей қыз үшін аралмен бірдей, ол бұдан қашып кете алмас, біз ұямызды жинастырғанша. Онда екеуің енді талай өмір кешерсіңдер, ұлым!
Өзенде су бетіне жапырағы жайылған көкорай шалғын өсетін. Ең үлкен жапырақ жағадан шалғай еді, кемпір бақа қызды бесігімен өзеннің ортасындағы әлгі жапыраққа жайғастырды.
Бейшара Түйме ертеңгісін оянды да, қайда жатқанын білген қыз жылап жіберді: айналасы қоршаған су, жағаға шығу мүмкін емес еді!
Ал кәрі бақа болса, балдырдағы үйін қамыс–құрақпен әлеміштеп жатқан – жас келінді жаңа отауға кіргізу қамы еді бұл! Ол сиықсыз ұлын ертіп, жылап отырған Түйме қыз жайғасқан жапыраққа келді. Кәрі бақа қыздың бесік-кереуетін қалыңдықтың болашақ жатынжайына әкету үшін келген-ді. Кәрі бақа қыздан төмен, су бетінде отырды да, былай деді:
- Мынау – менің ұлым, сенің болашақ күйеуің! Екеуің әлі біздің балдыр ауылымызда жарасып-ақ кетесіңдер.
- Ба-аақ, ба-аақ! – деп бақылдады ұлы.
Олар кереуетшені үйлеріне алды да кетті, ал қыз жасыл жапырақ үстінде жападан жалғыз қалып, өксіп-өксіп жылады, - ол жиіркенішті кәрі бақа үйіне барғысы келмеді, сиықсыз ұлына күйеуге шығуға, тіпті, қарсы еді.
Су астындағы шабақтар, кәрі бақаны ұлымен бірге көріп, оның әңгімесін де естіп қалды, тіпті, олар титтей қалыңдықты көру үшін су бетіне бастарын да шығарып қарады. Олар үшін Түйме қыздың кәрі бақаның балдырына тұру сондай аянышты көрінді. Олай болуы мүмкін емес! - десті олар. Шабақтар жалпақ жапырақ тіреулі құрақ сабағының бойын айнала жиналды да, оны тістерімен кеміре бастады; сабақтан босаған жапырақ ағыспен алысқа аға жөнелді … Енді бақаға Түймені қуып жету мүмкін болмады!
Осылайша Түйме қыз көгалды жағаны бойлап жапырақпен жүзе берді, оны көрген кішкене құстар оған арнайы ән шырқап, былайша тамсанды:
- Қандай титтей әсем қыз!
Түйме мінген жапырақ ағыспен қалқып отырып, ақыры бақалар батпағынан ұзап кетті.
Қызды айналшықтап бір әдемі көбелек ұшып жүрді де, оның жапырағына қона кетті – Түйме қыз оған сонша ұнап қалған-ды! Қыз оған есі кете қуанды: жексұрын бақа көрінбейді, айнала болса, сондай көркем суреттей еді! Су бетіне түскен күн бейнесі алтын түсті! Түйме қыз белдігін шешіп, бір шетін көбелекке орап, екінші шетін жапыраққа байлап еді, қайығы онан сайын жылдам жүзді.
Таяу маңда қанқоңыз ұшып жүрген, ол қызды көрді де, белінен қапсыра құшақтап, ағашқа қарай алды да ұша жөнелді, ал жапыраққа байлаулы көбелек ағып кете барды.
Қоңыздың құшағында кеткен қыздың есі шыға қорықты! Ол бәрінен бұрын жапыраққа байлаулы өзенде қалған көбелекті аяды, ол бейшара одан босамаса, босқа өледі ғой! Ал, қанқоңыз оның бірін де сезер емес.
Ол Түймені алып барып ең үлкен жапыраққа қонып, қызды тәтті гүл сөлімен тамақтандырды да, оған қанқоңызға ұқсамаса да, керемет сұлулығын айтып мақтауға көшті.
Көп ұзамай оларға әлгі ағашта тұратын өзге де еркек қанқоңыздар келе бастады. Олар қызды бастан аяқ көріп тамсанса, бойжеткен қоңыздар да мұртшаларын жыбырлатып:
- Мынаның аяғы екеу-ақ екен! Қарауға аянышты ғой!
- Мынада мұртша жоқ қой!
- Белі сондай нәзік екен! Туһ! Адам секілді ғой өзі! Сондай көріксіз! – деп шуласты қоңыз бикештер.
Түйме қыз сондай сүйкімді болатын! Мұны әкеткен қанқоңызға да басында ол ұнамаған, ал қоңыздар оны сиықсыз деп жабыла жамандағанда, ол қызды одан әрі ұстағысы келмеді – қайда барса, онда барсын. Өзінің сондай сиықсыздығын, қоңыздардың да өзін қалдырғысы келмейтінін айтып, қыз да жылай бастады! Ал шындығында, ол сондай ару жаралған жан еді: нәзік, раушанның шешегіндей аяулы еді.
Сөйтіп, жалғыз қалған Түйме орманда жаз бойы өмір сүрді. Ол өзіне кереуетше өріп алды да, оны үлкен жапырақ астына орналастырды – оған жаңбыр суы тимес еді. Түйме қыз тәтті гүл тозаңымен қоректеніп, жапыраққа қонған таңғы шықты ішіп жүрді.
Осылайша, жаз да, күз де өтіп, қаһарлы қыс келді. Шырқауық құстар жылы жаққа кетіп, шөп пен гүл біткен қурады. Мұнымен бірге астында Түйме қыз тұрған жалпақ жапырақ та қурап, ширатылып қалды. Түйме қыз болса, салқыннан өлердей тоңатын болды: оның көйлегі тозып, өзі суыққа төзбестей нәзік жан болатын! Қар жауды, оған тиген әрбір қар ұшқыны күрек толы қардай еді! Ол құрғақ жапырақ оранып көріп еді, жапырақ жылытпады, суықтан қалшылдаған қыз жапырақша дірілдеді.
Қыз тұрған орман маңында егіні жиналған алқап болатын, тоңды жерден қураған егін сабақтары сояудай шошайып тұрды. Түйме қыз үшін бұлар да ормандай көрінді! Бейшара қыз суықтан қалай құтыларын білмеді! Сөйтіп жүріп ол саршұнақтың ініне тап болды. Есігі құрғақ шөп–шаламмен жабылған тесік екен. Саршұнақ жылы–жұмсақта тұрып жатқан–ды: барлық қамбасы астыққа толы; асханасы мен қоймасы жинаған қоректен жарылардай еді! Түйме қыз қайыршыдай қолын созып, бір уыс арпа сұрады – ол екі күн бойы нәр татпаған–ды!
- Бейшара! – деді саршұнақ: ол негізінде қайырымды кемпір тышқан еді. – Кір де жылын, менімен бірге тамақтан!
Қыз қарияға ұнап қалды да, ол былай деді:
- Сен менімен бірге қыстап шығуыңа болады, тек менің бөлмелерімді жинап, маған ертегі айтсаң болғаны – мен сондай ертекшілмін.
Түйме де бұған келісе кетті, саршұнақтың бұйрығын орындап, жақсы тұрып жатты.
- Бізге қонақ келеді, - деді бірде саршұнақ. – Менің көршім әдетте маған аптасына бір соғып кетеді. Ол менен де бай тұрады: оның бөлмелері сондай кең, ал оның кигені - керемет мақпал тон. Егер сен соған күйеуге шықсаң ғой! Сен тамаша өмір кешер едің! Оның кемшілігі сол - көрсоқырлығында; бірақ оған қызықты ертегі айтсаң болғаны.
Бірақ қыз бұл әңгімеге көңіл бөлмеді: ол саршұнақтың көршісіне күйеуге шыққысы келмеді – ол көртышқан еді. Бірде ол шынында да саршұнаққа қонаққа келді. Үстінде қара мақпал тоны, өзі бай да білімді көрінді; саршұнақтың айтуынша, оның үй–жайы бұдан жиырма есе кең, бірақ көртышқан күн көзін де, жайнаған гүлдерді де жаратпады – ол тіпті, өмірінде жарық дүниені көрмеген екен. Қызға ән шырқауға тура келді де, ол «Ұша бер, қанқоңыз» және «Көгал кезген тақуа» деген екі ән айтты. «Көгал кезген тақуа» әнін көртышқанның жақтырғаны сондай, ол Түйме қызды ұнатып қалды. Бірақ ол тіс жарып ештеңе айта қоймады – көртышқан өзінше маңғаз да кербез мырза болатын.
Көп ұзамай көртышқан өз үйінен саршұнақтың қақпасына дейін ұзын да кең дәліз қазып шықты да, тышқан мен қызға емін–еркін серуенге жол ашты. Көртышқан көршілерінен дәлізде жатқан құс өлімтігінен қорықпауды ғана өтінді. Ол кәдімгі қауырсын мен тұмсығы бар құс екен, жуырда өлсе керек, көртышқан оны қыс түскенде дәліз қазылар маңға көмген екен.
Көртышқан дәлізді жарық ету үшін ағаш шіріндісін алып шығып, кәдімгі майшамдай жарық қылып жүрді. Олар құс өлімтігіне жеткенде, әлгі шіріндіні дәліз төбесіне түйреп тесіп еді, ішке жарық сау етті. Дәліздің қақ ортасында қарлығаштың өлігі жатты; әдемі қанаттары денесіне жабысып, аяқтары мен басы қауырсыннан көрінбейді; бейшара құс суыққа тоңып өлсе керек. Қыз оны қатты аяп кетті, ол жаз бойы ән шырқайтын бұл құстарды жақсы көруші еді; көртышқан алды да мықыр аяғымен құс өлігін түртіп қалып:
- Олақ болсаң, ысқырғаннан не пайда! Бейшара болып тусаң, ақырың осы! Жаратқанға шүкір, менің балаларым енді бұдан қорықпайды! Құс болып, шырылдағаннан не бітуші еді - қыста қатып өлесің де теңкиіп жатасың!
- Дұрыс айтасың, көрші, бұның неткен ақыл еді! –деді саршұнақ. – Бос шырылдан не пайда! Ол қыста жылу мен қорек бола ма? Әрине, болмайды!
Түйме қыз үндей қоймады, көршілер құс өлігіне теріс қарағанда, қауырсынды ысырып, өліктің жұмулы көзінен сүйіп алды. «Мүмкін сен, былтыр жаздағы шырқаған құс боларсың! – деп ойлады қыз. – сонда сен маған қандай шаттық сыйладың, әнші құс!»
Көртышқан тесікті бітеп, бикелерді шығарып салды. Қыз түнімен ұйықтай алмады. Ол төсегінен тұрды да, құрғақ шөп–шаламнан үлкен алаша тоқыды. Алашаға құс өлігін орады да, саршұнақтың қалған-құтқан мамығын алып, жылы жатсын деп өлікке айнала жауып шықты.
- Қош бол, қадырлы құс, - деді Түйме. – Қош бол! Ағаштары жап–жасыл, күн шуақты жаз бойы маған шырқаған әндерің үшін саған рахмет!
Сөйтті де, ол құстың кеудесіне басын тигізіп еді, шошып кетті – бірдеңе дүрсіл қақты. Бұл құстың жүрегі болып шықты: ол өлмеген екен, тек қана суық өтіп есінен танған, бойына жылу тарағасын, ес жия бастағаны екен. Әдетте қарлығаштар күзде жылы жаққа кетеді, егер кешігіп суыққа ұрынса, осылай сіресіп қалады да, есінен танып құлап түседі, сосын оны қар басып қалады.
Қыз қорыққаннан қалтырап кетті – қанша дегенмен қарлығаш Түймемен салыстырғанда алып көрінді, - қыз қорқынышын басып, құс денесін қымтай түсті, жүгіріп барып, өзі жамылып, мыж–мыжы шыққан жапырақты әкеліп құстың басына орады.
Келесі түні де Түйме жай басып қарлығашқа келді. Құс бейшараның жаны кіріп қалған екен, дегенмен қызға көзін әлсірей ашып қарады – оның қолында шірінді шам ғана болатын.
- Саған алғысым шексіз, қайырымды қыз! – деді науқас қарлығаш. – Менің бойым жылынды. Көп ұзамай мен сауығармын да көкке самғармын.
- Қазыр күн суық, қар жауып тұр! – деді қыз, - Жылы жерде бола тұр, мен сені бағамын.
Түйме гүл шешегіне құйып құсқа су әкелді. Құс қанып ішті де, қызға тікенді бұтаққа қанатын қалай жарақаттап алып, басқа құстармен бірге жылы жаққа кете алмағанын, жерге қалай құлап түскенін айтып берді... Одан әрі ол не болғанын, мұнда қалай жеткенін білмеді.
Қарлығаш қыстап шықты, Түйме оны бағып-қақты. Бұл жөнінде саршұнақ та, көртышқан да білмеді – олардың құсты жаратпайтыны белгілі ғой.
Көктем келіп, күн шуағы айналаны қыздырғанда, қарлығаш қызбен қоштасты, Түйме оған көртышқан тескен тесікті ашып берді.
Күн шуағы тесіктен сау етті, қарлығаш қыздан бірге кетуге қалай қарайтынын сұрады, - құстың арқасына отырып алса, олар жап-жасыл орманға бір-ақ жетер еді! Бірақ Түйме саршұнақты тастап кеткісі келмеді, - тышқан әжей сонша қамығар еді.
- Жоқ, болмас! – деді қыз қарлығашқа.
- Ендеше қош, қайырымды Түйме! – деді де қарлығаш ұшып ала жөнелді.
Түйме оның соңынан көз жасы сорғалап қала берді, - ол бейшара құсқа бауыр басып қалған-ды.
- Шыр-рр, шыр-рр! – деді де қарлығаш құс жасыл орманға сіңіп жоқ болды.
Қызға көңілсіз күндер басталды. Оған тіпті, күн көзіне шығуға да рұқсат болмады, егін алқабының масақтары жайқалды, бейшара титімдей қызға ол ну ормандай көрінді. – Жазда саған жасау әзірлеу керек! – деді саршұнақ кемпір оған.
Сөйтсе, мақпал тонды томсырайған көрші бұған құда түсіп қойған екен.- сенің жасауың барынша дәулетті болғаны мақұл, көртышқан байға күйеуге шыққасын ештеңеге де тарықпайсың!
Сөйтіп, қыз күндіз бой көрсетпейтін болды, ал саршұнақ кемпір төрт өрмекшіні жалдап, күні–түні мата тоқытты.
Күн сайын кешқұрым көртышқан саршұнаққа келіп, жуырда жаз бітіп, күннің ыстығы басылатынын көпірумен болды,- бұған саршұнақ кекіреюмен жүрді – күзге қарай некетой болмақ. Қыз болса, бұған қуана қоймады: оған жалықтырғыш көртышқан ұнамады. Күн сайын таң атарда және күн батарда Түйме қыз тышқан інінен басын сыртқа шығарып қарап жүрді; кейде жел тұрып, масақтарды ырғағанда оның көк аспанға көзі түсіп қалатын. «Қандай жарық, еркін өмір қандай жақсы еді!» - деп ойлап ол қарлығашты еске алатын болды; ол құсты көруге ынтықты, бірақ ол көріне қоймады: шамасы ол алыстағы жасыл орманда болар!
Күзге қарай Түйменің барлық жасауы әзір болды.
- Бір айдан соң - некетой! – деді саршұнақ кемпір.
Түйме бұған жылап жіберді де, бұйығы көртышқанға тұрмысқа шыққысы келмейтінін айтты.
- Сандалама! - деді саршұнақ кемпір. – Қиқарланба, қыршып алармын – көрдің ғой, менің өткір тістерімді? Сенің күйеуің керемет болады. Тіпті, патшаханымның өзінде де оның үстіндегідей мақпал тон жоқ! Ал, қоймасы қамбаға толы! Мұндай күйеу табылғанына шүкір ет!
Ақыры некетой болар күн де келді. Көртышқан қалыңдығына келді. Енді қызға көртышқанның жер астындағы інін отау етіп, күн көзін көрмей өмір сүру керек, - өйткені, көртышқан күн сәулесін жек көреді! Ал, бейшара Түймеге жарықпен мәңгі қоштасу сондай ауыр еді! Саршұнақпен бірге ол анда-санда болса да, жер бетіне шығып тұратын.
Тағдырына көнген Түйме қыз күн көзін соңғы рет көруге аттанды. Егін жиналып, қураған дән сабақтары ғана сорайып қалған. Қыз іннен алысырақ кетіп, күнге қолын соза:
- Қош, жарық күн, қош бол! – деді.
Сосын ол титімдей ғана қолымен жақын маңда өсіп тұрған кішкене қызыл гүлді құшып былай деді:
- Менің атымнан сүйкімді қарлығашқа иіліп сәлем ет, көрсең!
- Шыр-рр, шыр-рр! – деді кенет төбесінен бір құс.
Түйме қыз басын көтерсе, қарлығаш екен. Қарлығаш та қызды көре сала қуанып кетті, қыз болса жылап жіберіп, өзінің жексұрын көртышқанға күйеуге шыққысы келмейтінін, күн сәулесі түспейтін жер астында өмір сүргісі келмейтінін айтып шағынды.
- Қыс та келіп қалды, - деді қарлығаш, - мен болсам, алысқа жылы өлкеге кетем. Менімен сол жаққа ұшқың келе ме? Сен менің арқама отырып, белбеумен мықтап бекініп ал. Сосын біз жексұрын көртышқаннан көк теңіздің арғы жағына, күн сәулесі мол, әрқашан да жаз орныққан әрі гүлдері жайқалған жылы жаққа ұшып құтыламыз! Кеттік, қайырымды Түйме! Мен қыста суықтан өлердей болғанда құтқардың ғой сен.
- Жарайды, мен сенімен ұшайын! – деді де Түйме қыз, құс арқасына жайғасты да, аяқтарын қос қанатқа тіреп, өзін белбеумен үлкен қауырсынға мықтап таңып тастады.
Қарлығаш атылған жебедей зулады, ну орманның да, көк теңіздердің де, қар басқан биік таулардың да үстінен ұшты.Салқын жел тоңдырғасын, Түйме қарлығаштың жылы мамығына оранып алды да, басын ғана шығарып айналаның әсем көрінісін қызықтап отырды.
Ақыры жылы өлкеге де жетті! Мұнда күн сәулесі мол түсіп, аспан биігірек көрінді, арықты жағалай жүзімнің жасылы да, қарасы самсап өсіп тұр. Бақтарда лимон, апелсин пісіп қалған, жұпар да ашымақ иіс аңқып тұр. Жол бойы балақандар ала шұбар көбелектерді қуалап жүр. Қарлығаш болса, одан әрі ұша берді, ұша берді, барған сайын тамаша көрініс ұлғая түсті. Көгілдір әсем көлдің жағасындағы жасыл бұйра ағаштар ортасында ескі аппақ мәрмәр сарай тұр. Жүзімнің шағыры оның биік бағаналарын жағалап өрмелей өсіпті. Ал, шатыр астында қарлығаш ұялары соғылыпты. Солардың бірінде Түймені әкелген қарлығаш та тұратын.
- Міне, менің үйім! – деді қарлығаш. – Ал, енді сен төмендегі бір әдемі гүлді таңда, мен соған сені түсірем, сен енді керемет өмір кешетін боласың!
- Мен сондай қуаныштымын! – деп айқай салды титімдей қыз, алақандарын шапаттап.
Төменде мәрмәрдің ірі кесектері жатыр, - бұл бағанның бірінен түсіп үшке бөлінген еді де, олардың арасына ірі ақ гүлдер өсіп шыққан екен. Қарлығаш төмендеді де, гүлдің жалпақ шешегіне отырғызды. Керемет! Әлгі гүлдің шұңғылында біреу отыр, өзі аппақ та, мөлдір шыны секілді. Басында алтын тәж жарқырап, иықтарынан жылтыраған қанатшалар көрінеді, ол Түймеден ірі емес еді.
Бұл үлп еді. Әрбір гүлде үлп болады, ербала не қызбала, ал Түймемен қатар отырған үлптердің патшасы болатын.
- Қандай көркем жігіт! – деп сыбырлады Түйме қарлығашқа.
Титімдей патша қарлығашты көріп шошып кетті. Өзі кішкентай ғана болғасын, оған құс аждаһадай көрінді. Бірақ ол Түймені көріп қуанып кетті. Ол өмірінде мұндай ару қызды көрмеген еді! Ол жалма жан өзінің тәжін шешті де, Түйменің басына кигізіп, оның есімін сұрады. Тіпті, өзіне тұрмысқа шығып, үлптердің патшаханымы болуға, гүлдердің ханшасы болуға қалай қарайтынын сұрап үлгерді. Ал, саған күйеу керек болса! Бұны бақаның ұлы мен мақпал тонды көртышқанмен теңестіруге болмас. Қыз бірден келісімін берді. Сол кезде әрбір гүлден бір ербала, бір қызбала – үлптер шыға бастады, сондай ғажап дерсің! Олардың барлығы да Түймеге сыйлық беріп жатты. Сыйлықтың ең жақсысы шегірткенің мөп–мөлдір үлпілдеген жұп қанаты болды. Қанаттарды Түйменің арқасына орнатып берді, енді ол да гүлден гүлге ұшып–қонып, үлпілдейтін болды! Түйменің қуанышында шек жоқ! Қарлығаш болса, жоғарыдағы ұясында отырып, барынша әнге басты. Бірақ оған сонша көңілсіз еді: ол да титімдей қызға бауыр басып қалып, одан айырылғысы келмеді.
- Енді сенің есімің Түйме болмайды! - деді патша үлп. – Бұл есім саған сай емес! Біз сені Майгүл деп атаймыз!
- Қош, қош! – деп шыр–шыр етті де қарлығаш бұл жолы жылы жақтан шалғайдағы Данияға жөнелді. Ол жақта оның кішкене ғана ұясы бар еді, ол ұя ертегі айтқыш бір адамның үйінің терезесінің маңдайына соғылған. Қарлығаш барып соған өзінің «Шыр-рр, шыр-рр» әнін шырқаса керек, ал біз болсақ, осы оқиғаны әлгі адамның ауызынан естігенбіз.

1 комментарий:

Бота комментирует...

Ертегіні бас алмай бірден аяғына дейін оқып шықтым. Ұнады.Балалығым есіме түсті. Енді бұл ертегіні қыркүйекте бастауыш сынып оқушыларына оқуды жоспарлап отырмын. Ертең жұмысқа барғанымда барлық сынып жетекшілеріме ұсынамын.
Жұмысыңа сәттілік тілеймін.